“Қаскөйлердің арасында қыздар да бар”: Шерзаттың әкесі барлық күдіктіні қамауға алуды талап етті

Қаракөз Амантай 08 қаз. 2024 12:47 2196

Талғарда жауыздықпен қаза тапқан 16 жастағы Шерзаттың әкесі барлық күдіктіні қамауға алуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Марқұмның әкесінің талаптары

Әкесінің сөзіне сүйенсек, қылмысқа қатысқандардың арасында екі қыз да болған.

“Ұсталған жігіттер Талғарда болса, осы жерде екенін көрсетіңіздер. Менің көзімше екі қызды қамаңыздар. Олар куәгер емес. Олар да пышақ ұстады. Экспертиза жасаңыздар. Сол пышақтың ізі бар”, - деді марқұмның әкесі полиция өкілдеріне.

ІІМ пікірі

Ал күні кеше Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқиғаға қатысты пікір білдірген еді.

“Алматы облысының Талғар ауданында орын алған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда. Оқиға орнында бірінші орынбасарымның басшылығымен ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеуде. Кінәлілер тиісті жазасын алады”, - деді ол.

Прокуратураның мәлімдемесі

Сонымен қатар бүгін, 8 қазан күні, Алматы облысының прокуратурасы Талғар қаласында кәмелетке толмаған жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасады.

Айтуларынша, қылмыс қатаң бақылауға алынған.

“Біз дүйім жұрттың алаңдаушылығын түсінеміз. Марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Ресми түрде мәлімдейміз, бұл қылмыс прокуратура қызметкерлерінің ерекше бақылауына алынған”, - делінген прокуратураның хабарламасында.

Құқық қорғау органдарының әрекеттері

Сондай-ақ прокуратураның мәліметінше, қылмысқа күдікті ретінде жеті адам ұсталып, оларға сот тарапынан екі ай мерзімге қамаққа алу туралы санкция берілген.

“Барлық жағдайды анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуға бағытталған объективті тергеуді қамтамасыз етеміз. Барлық азаматқа уәде береміз, бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаларға жазадан жалтаруға мүмкіндік берілмейді”, - деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.

Қайғылы оқиға туралы ақпарат

Еске салайық, қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні болған еді. Суық қару асынған бір топ жігіт марқұм жасөспірімге, оның ағасы мен әкесіне шабуыл жасаған. Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған.

Шерзаттың әпкесінің пікірі

Осы тұста марқұмның әпкесі Бақыт Реймова полицейлер төбелеске қатысушылардың бәрін әлі қамауға алмағанын айтады. Ол құзырлы органдардан күдіктілердің бәрін ұстап, көрсетуін талап етіп отыр. “Егер резонанс жасамасақ, бізді ешкім естімейді. Інім әскери қызметкер болғысы келді. Қаншама армандары ішінде өзімен бірге кетті. Сондай өкінішті жағдай. Бұлай болмауы керек еді”, - дейді Бақыт Реймова.

Марқұмның әпкесінің айыптаулары

Әпкесінің айтуынша, Шерзатты күдіктілер айуандықпен өлтірген. Қансырап жатқанында күдіктілердің біреуі артынан келіп, автоматпен ұрған екен. 

"Мәйітті өз көзіммен көрдім. Баланың басы қақ айырылып кеткен. 30-ға келген еркектер 16-дағы жасөспірімге жабылған. Әкесін сабап, бауырымды үш жерден пышақтап кеткен. Бір сыра бермегені үшін өлді. Масқара ғой. Әкесіне қорған болғаны үшін өлтіріп кетті. Енді оларды неге шығарып жібереді? Әділдік қайда? Қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз? Осылай біздің балаларымыз өліп кете бере ме? Бұл не деген сұмдық?”, - дейді марқұмның әпкесі.

Күдіктілердің саны

Шерзаттың туыстары кемінде 13 күдікті барын айтады. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты. Оқиға орнында болған Шерзаттың әкесі де мәлімдеме жасады. Ол әділ сот талап етті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар