Депутат Аманжол Әлтай сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке батыл үн қатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжіліс отырысында Аманжол Әлтай отандық тауар өндірушілердің мүддесін қорғады.
"Отандық өндірушілер қашанғы сауда желілерінің есігінен сығалап, өгейдің күнін кеше бермек?! Үкіметтен қомақты субсидия алып отырса да, майлы жіліктің басын мүжіп, мұрты майланып отырған ірі сауда желілерінің шетелдік азық-түлік өнімдерін төрге шығарып, отандық өнімдерге қырын қарауын қалай түсінуге болады?" - деп сұрады ол.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада сауданың барлық форматында отандық өнімге сөрелерде кемінде 30 пайыз орын бөлу талабы бекітілген, ал сауда желілерін субсидиялау арқылы бұл үлесті 50 пайызға дейін арттыру тетігі көзделген.
"Алайда іс жүзінде кез келген сауда нүктесіне кірсеңіз, шынайы көрсеткіш мүлдем басқаша. Қазір қазақстандық өндірушілер ірі сауда желілеріне кіре алмай отыр, ал кірген күннің өзінде олардың өнімдері төменгі сөрелерге орналастырылып, импорттық тауарлар көзге көрінетін жерлерге қойылады", - деп күйінді Аманжол Әлтай.
