Қашаған? Тоқаев ұлттық байлықты қорғау жолында шешуші қадам жасады — сарапшылар

Қаракөз Амантай 02 мам. 2025 09:41 4150

Каспий теңізіндегі алып мұнай кеніші – Қашағанның ашылуы Қазақстанның соңғы жарты ғасырдағы ең үлкен олжасы еді. Алайда бүгін осы жерден табылған қыруар байлықтың 98 пайызы ел қазынасына емес, шетелдік компаниялардың қалтасына құйылып жатыр, деп жазады Dalanews.kz.

Бұл дерек халықаралық журналистік зерттеулер консорциумының (ICIJ) жуырда жариялаған зерттеуінде айтылған. Әлемдік медианың қызу талқысына түскен аталған материал Қазақстан қоғамында бірқатар сауал туғызды және ел үшін аса жайсыз ақпарат ретінде бағаланып отыр.

Қашаған кен орнын игеру бойынша келісімдер 1997 жылы жасалған еді. Ол кезде Қазақстан тәуелсіздігін енді алып жатқан, халықаралық тәжірибесі жоқ жас мемлекет болды. Осыны пайдаланған халықаралық мұнай корпорациялары Қазақстанмен тең дәрежеде келіссөз жүргізудің орнына өз мүдделерін жоғары қойып, аса тиімді шарттарға қол жеткізген. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жасалған келісімшарттардың толық мәтіні мен шарттары әлі күнге дейін жабық күйінде қалып отыр.

Қашаған кенішінің игерілуіне жауапты – North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы. Онда Еуропаның алып компаниялары Shell (Ұлыбритания), Eni (Италия), Total Energies (Франция) жетекші рөл атқарады. Әрқайсысының үлесі – 16,8 пайыз. Дәл осы компаниялар Қазақстанның табиғи ресурстарының негізгі пайдасын көріп отыр.

Бүгінде Қашаған жобасынан түскен табыстың небәрі 2 пайызы ғана Қазақстанда қалып, қалған 98 пайызын шетелдік алпауыттар иеленіп жатыр. Бұл халықаралық тәжірибеде өте сирек кездесетін, әрі Қазақстанның ұлттық мүддесіне мүлде қайшы келетін жағдай.

2024 жылдың басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені ашық көтеріп, мұнай келісімдерін қайта қарауды ұсынды. Тоқаев осы келісімшарттарды «ел үшін тиімді етіп өзгертуді» талап етті. Алайда, мұндай өзгеріс жасау оңайға соқпайды. Себебі келісімшарттардың мерзімі 2037 жылға дейін бекітілген. Бірақ президенттің батыл мәлімдемесі шетелдік инвесторларды алаңдатып үлгерді.

Қазіргі таңда Қазақстан билігі шетелдік мұнай компанияларына қарсы жалпы құны 160 млрд долларды құрайтын талап-арыз түсіріп, бұл іс бойынша арбитраждық сот процесін бастады. Ресми талаптың негізгі себебі – мұнай компаниялары тарапынан келісімшарттағы экологиялық және процедуралық нормалардың бұзылуы. Бірақ сарапшылар бұл сот процесінің басты мақсаты – Қашаған келісімшарттарындағы теңсіздік пен әділетсіздікті түзеу деп отыр.

TotalEnergies компаниясының басшысы Патрик Пуянне 2023 жылы сәуірде Қазақстанның талабына қарсы тұратынын ашық мәлімдеп, консорциум мүшелерінің бұл мәселеде толық біріккенін хабарлаған. Оның бұл сөзі Қазақстан үкіметінің талап-тілегі еуропалық инвесторлардың наразылығын тудырып отырғанын анық көрсетеді.

Бұрынғы Энергетика министрінің кеңесшісі Олжас Байділдиновтің айтуынша, Қазақстанда жасалған кейбір келісімшарттар 30 жылға дейін құпия сақталған.

“Келісімшарттар 30 жылға дейін құпия ұсталып отыр. Әлемнің ешбір елінде мұндай тәжірибе жоқ. Бұл – Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында жіберген стратегиялық қатесі”, — деді ол.

Қазақстандық қаржы саласының сарапшысы да осы пікірді қолдап, келісімшарттардағы теңсіздік Қазақстанның мұнай саласындағы мамандардың тапшылығынан туындағанын атап өтті.

Бұл жағдайдың геосаяси салдары да бар. Байділдиновтің пікірінше, Қазақстанның талап-арыздарының негізгі объектісі еуропалық компаниялар болғандықтан, бұл мәселе Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынасты шиеленістіруі мүмкін. Себебі АҚШ компаниялары Еуропалықтарға қарағанда Қазақстанның талаптарына икемдірек әрі инвестиция көлемін арттыруға дайын.

Экологиялық зардаптар мен ашықтық мәселесі де қоғамда қызу талқыланып жатыр. 2025 жылдың наурыз айында Қазақстанның Экология министрлігі экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін NCOC консорциумына 5,1 млрд доллар айыппұл салған. Алайда шетелдік компаниялар бұл айыппұлды төлеуден бас тартып, арбитраждық сотта Қазақстан үкіметіне қарсы екі істі жеңіп шықты.

Экобелсенді әрі “Каспий теңізін қорғайық” бастамасының жетекшісі Вадим Ни бұл мәселені былай бағалайды.

“Шетелдік компаниялар келтірген экологиялық зардап үшін айыппұлды Қазақстанның бюджеті көтеруі мүмкін. Бұл халық үшін үлкен әділетсіздік”, — дейді ол.

“Байтақ” жасылдар партиясының жетекшісі Олег Пак та мұнай келісімдерінің толық ашықтығын талап етіп отыр. Оның айтуынша, Қазақстан осы келісімдердің жабықтығы салдарынан жыл сайын шамамен 20 миллиард доллар жоғалтады.

Қашаған жобасының екінші атауы халық арасында бейресми түрде “Cash-all Gone” (“Барлық ақша кетті”) деп аталады. Бұл атау бекер берілмеген. Өйткені осы кенішті игерудегі кешіктірулер, жемқорлық пен экологиялық бұзушылықтардың кесірінен Қазақстан да, шетелдік компаниялар да үлкен шығынға ұшырады. Сарапшылардың есебі бойынша, бұл жобаның бастапқы құны 60 млрд доллардан асып кеткен.

Қорыта келгенде, Қазақстан үкіметінің Қашаған келісімшарттарын қайта қарау әрекеті жай ғана коммерциялық дау емес. Бұл – тәуелсіз елдің өз жеріндегі табиғи байлығына иелік етуге, ұлттық мүддені қорғауға деген күресі. Президент Тоқаевтың бұл бағыттағы қадамдары шетелдік инвесторларға ұнамаса да, Қазақстан қоғамының басым көпшілігі үшін өте өзекті әрі әділетті талап болып отыр. Алдағы уақытта Қазақстан осы істе қандай нәтижеге жететінін бүкіл әлем назарда ұстайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар