Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин "Жаңа Қазақстанның түрі осы ма?" дейтіндерге жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кейде «Реформалар нәтижесі қайда, уәде етілген өзгерістер қайда? Жаңа Қазақстанның түрі осы ма?» деген пікірлер айтылып қалады.
Біріншіден, өзгерістер әп-сәтте жасала қоймайды. Реформаларды жүзеге асыру үшін орасан зор күш-жігер, қисапсыз уақыт қажет. Мәселенің мән-жайын білмейтін адамға бұл үдеріс тым ұзаққа созылып бара жатқан секілді көрінуі мүмкін. Дегенмен өзгерістер бар. Кез келген реформа – қажырлы еңбекті талап ететін аса күрделі жұмыс. Кім не десе о десін, Қазақстан реформалар жолымен сенімді қадам басып келеді.
Екіншіден, біздің елімізде соңғы бес жылда кішігірім өзгерістер емес, керісінше, көптеген салада түбегейлі әрі жүйелі бетбұрыс жасалды. Егер тереңірек ойланып көрсеңіз, небәрі үш жылдың ішінде бүкіл саяси жүйенің құрылымы қайта жасақталғанын аңғарасыз. 2019–2021 жылдардағы саяси реформалар 2022 жылғы конституциялық реформаға ұласып, соның нәтижесінде еліміздегі мемлекеттік институттардың мәртебесі мен рөлі едәуір артты. Конституциялық сот жұмыс істей бастады. Президенттің құзырына кіретін мәселелер азайып, керісінше, Парламенттің құзыреті кеңейді. Аралас сайлау жүйесі енгізілді, саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдеді. Тұңғыш рет ауыл әкімдері тікелей сайланатын болды. 2021–2023 жылдардағы сайлау қорытындысында ауыл әкімдерінің үштен екісі жаңарды. Былтыр алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлап көрдік. Мұндай сайлаулар 2025 жылдан бастап тұрақты өткізілетін болады.
Бұл аз десеңіз, реформалар Қазақстанға ғана емес, айналамыздағы ауқымды геосаяси кеңістікке де жаңашылдық әкеліп, осы аймақтағы елдер үшін жаңа үрдісті бастап берді.
Үшіншіден, саяси реформалармен қатар экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларда да маңызды өзгерістер жасалып жатыр. Халықтың тұрмысын жақсарту үшін бағалы бастамалар мен нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Жүйелі әрі кешенді жұмыстар қазірдің өзінде жемісін бере бастады. Ең төменгі еңбекақы көлемі екі есеге артты. Бұл 1,8 миллион адамның табысына тікелей әсер етті. Ұстаздар мен дәрігерлердің, сондай-ақ ғалымдардың жалақысы көбейіп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау шаралары күшейді.
Мемлекет басшысының бастамасымен жұртқа тұрғын үй жағдайы мен денсаулығын жақсарту үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік берілді. Бұл мүмкіндікті миллионға жуық азамат пайдаланып үлгерді. «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» секілді ауқымды ұлттық инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында барлық аймақта жүздеген мектеп пен денсаулық сақтау нысаны салына бастады. Дегенмен ең бастысы – реформалар қоғамдық қатынастардың сипатын біржола өзгертті, ұлттың саяси менталитеті өсіп, азаматтық белсенділігі артып келеді, тұрғындар елдік мәселелерге еркін араласатын болды, жұрттың бір-біріне деген жанашырлығы нығая түсті, қоғамдық пікір саяси өмірге едәуір ықпал ете бастады. Саяси мәдениетке қатысты бұл өзгерістерді кері қайтару еш мүмкін емес.
Осылайша, елімізде түбегейлі өзгерістер жасалды, жаңарулар әлі де жалғасып келеді. Жүзеге асырылып жатқан жан-жақты реформалар енді тоқтамайды.