Qarmet Run 2026: Жарыс жолына мыңнан астам адам шықты

Qarmet Run 2026: Жарыс жолына мыңнан астам адам шықты
Qarmet

12 шілде күні Теміртауда жаңартылған Qarmet Park ресми түрде ашылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Аумағы 4 гектардан асатын саябақта инфрақұрылым толық жаңғыртылып, демалысқа, спортпен шұғылдануға және отбасылық уақыт өткізуге арналған заманауи жағдайлар жасалды.

Саябақ аумағында жаңа серуендеу бағыттары, абаттандырылған демалыс аймақтары, беседкалар, заманауи балалар және спорт алаңдары, сондай-ақ әртүрлі белсенділік түрлеріне арналған кеңістіктер пайда болды. Жарықтандыру жүйелері мен инженерлік желілер жаңартылып, қоғамдық дәретханалар орнатылды, су айдындары қалпына келтіріліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Келушілердің әртүрлі жас санаттары үшін жайлылық пен қолжетімділікке ерекше назар аударылды. Саябақта спортпен айналысуға, отбасылық серуенге, мәдени іс-шаралар мен ауқымды қалалық мерекелерді өткізуге арналған алаңдар қарастырылған. Жүргізілген жаңғырту жұмыстарының арқасында Qarmet Park жаңа тыныс алып, Теміртаудың басты қоғамдық кеңістіктерінің біріне қайта айналды.

Күннің басты оқиғаларының бірі – Qarmet Run 2026 жаппай жүгіру жарысы. Старт алдында қатысушылар фитнес-клуб жаттықтырушыларымен бірге жалпы қыздыру жаттығуын өткізіп, кейін старт сызығына орналасты. Биыл 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарға Теміртау, Қарағанды, Астана және Қазақстанның өзге қалаларынан келген мыңнан астам әуесқой қатысты.

Дәстүр бойынша жарысты алғаш болып ерекше қажеттіліктері бар спортшылар бастады, оларға еріктілер сүйемелдеу көрсетті. Арбадағы қатысушылар қатарында Жанна Бакенова, Юрий Ким және Николай Шендеров бар.

Qarmet компаниясының күрделі құрылыс жөніндегі директоры Алексей Сидоренко бұл бастаманың жылдан жылға танымал бола түсіп жатқанын атап өтті:

«Екінші жыл қатарынан жаппай жүгіруді өткізу бастамамыз кең қолдау тауып келеді. Қала тұрғындарының мұндай шараларды күтетіні, адамдарға спорттық іс-шаралар мен белсенді әрі көтеріңкі көңіл-күйде уақыт өткізу мүмкіндігі қажет екені байқалады. Өткен жылы жүгіру Металлургтер күні мерекесі аясында өтсе, биыл Qarmet Park-тың ашылуымен ұштастырылды. Алдағы жылы Qarmet Run дербес ірі іс-шараға айналуы әбден мүмкін», – деді ол.

Қатысушыларды Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Рауан Таран құттықтап, «Бүгін, Металлургтер күні қарсаңында, бұл ауқымды жүгіруге мыңнан астам адам қатысуда. Бұл – біздің қала үшін үлкен жетістік. Теміртау әрдайым спорттық дәстүрлері қалыптасқан қала болған, ал бүгін тұрғындарды біріктіретін жаңа қоғамдық кеңістіктердің пайда болуы аса маңызды. Мұндай жобалар “Заң мен Тәртіп” идеологиясы мен “Таза Қазақстан” бастамасына сай келіп, белсенді әрі салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді», – деді ол.

Қалалық мәслихат төрағасы Алексей Ломакин де мұндай іс-шаралардың спорттық дәстүрлердің дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті:

«Бұл – қала үшін маңызды әрі жарқын шара. Ол Теміртауда спорттың дамуына жаңа серпін береді. Саябақты қайта жаңғыртып, жаңа қалалық дәстүр қалыптастырған комбинат басшылығына үлкен алғыс айтамыз. Бұл жарыс алдағы жылдары да жалғасын таба берсін», – деді.

ЛПЦ-3 цехының электр монтері Максим Рем 5 шақырымдық қашықтықта аға жас санаты бойынша ерлер арасында екінші орынды иеленіп, жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті:

«Өте жақсы жарыс болды. Нәтиже үшін жүгірдім, жүлдегерлер қатарына ендім. Ұйымдастыру деңгейі жоғары, маршрут өте ұнады», – деді спортшы.

10 шақырымдық қашықтықта 39 жасқа дейінгі санат бойынша жеңімпаз атанған Әкім Еркебай жарысқа арнайы Астанадан келген:

«Қазір Астанада тұрып, математикадан сабақ беремін. Қарағандылық досым осы жарысқа шақырды. Жол өте жақсы, айналасы көркем табиғат. Қатысудан үлкен әсер алдым», – деді жарысқа қатысушы.

Мәреге жеткен әрбір қатысушыны көрермендер қошеметпен қарсы алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар мен грамоталар табысталып, барлық қатысушыларға естелік медальдар берілді.

Алайда Qarmet Run 2026-ның басты нәтижесі – секундтар мен орындар емес, үлкен қалалық мерекенің ерекше атмосферасы. Жарыс әртүрлі жастағы, мамандықтағы және дайындық деңгейіндегі адамдарды спортқа, қозғалысқа және белсенді өмір салтына деген ұмтылыс төңірегінде біріктірді.