Qarmet компаниясы, "ҚазТрансОйл" АҚ және оның еншілес ұйымы – "Магистральдық су құбыры" ЖШС металл сынықтарын тікелей жеткізу туралы келісімдерге қол қойды. Бұл әріптестік отандық өндірісті қолдауға, ел ішіндегі өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және шикізатты Қазақстан аумағында қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қол жеткізілген келісімдер қазақстандық кәсіпорындарды стратегиялық маңызы бар шикізатпен қамтамасыз етудің тиімді тетігін қалыптастыру мақсатында компаниялар, мемлекеттік органдар және салалық қауымдастықтардың бірлескен жұмысының нәтижесі болды.
Металл сынықтарын тікелей жеткізу жүйесін іске асыру үшін «ҚазТрансОйл» компаниялар тобы бірқатар дайындық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарының көтерме саудасын жүзеге асыруға қажетті рұқсаттарды алып, құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізіп, өнімді өткізуге қатысты ішкі рәсімдерді бекітті.
«ҚазТрансОйл» АҚ мен Qarmet арасындағы келісім бір жыл мерзімге жасалса, «Магистральдық су құбыры» ЖШС-мен жасалған келісімнің мерзімі – бес жыл. Ынтымақтастықтың келесі кезеңінде пайдаланылған құбыр өнімдерін жеткізу жөніндегі келісімшартқа қол қою жоспарланып отыр.
Металл сынықтарын тікелей жеткізу Qarmet компаниясына металлургиялық өндіріс үшін қосымша шикізат көлемін алуға, оны ел ішінде қайта өңдеу үлесін арттыруға және қайталама материалдық ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Qarmet пен «ҚазТрансОйл» арасындағы бұл әріптестік өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және Қазақстанның өндірістік әлеуетін нығайтуға бағытталған тағы бір маңызды қадам болмақ.