Қаржы министрлігі Қазақстандағы аударымдарға қатаң бақылау енгізеді

Көркем Алдабергенова 26 там. 2025 15:47

Қазақстанда банк шоттары мен аударымдарын тексерудің жаңа ережелері дайындалуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржы министрлігі активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруға міндетті азаматтардың шоттарындағы ақша қозғалысына қатысты мәлімет беру тәртібін нақтылайтын бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Не өзгереді?

Жобаға сәйкес, екінші деңгейлі банктер декларация тапсыратын жеке тұлғалардың шоттары туралы толық мәліметті салық органдарына беруге міндеттеледі. Тізімге мына деректер кіреді:

  • шот нөмірлері мен ондағы қалдық қаражат;
  • жыл ішіндегі ақша қозғалысы;
  • аталған тұлғаларға берілген несиелер, олардың өтелген сомасы және есептелген пайыздар;
  • құны 20 мың АЕК-тен асатын (2025 жылы бұл 73 млн теңгеден жоғары) мүлікті сатып алудағы шоттардағы ақша қозғалысы.

Қаржы министрлігі мұндай жаңашылдықтың мақсаты – жалпыға бірдей декларациялау аясында азаматтардың кірісі мен мүлкіне бақылауды күшейту екенін атап өтті. Салық органдары ірі мәмілелерді қашықтан бақылап, оларды декларациядағы деректермен салыстыра алады. Бұл әдіс әділ салық салуды қамтамасыз етіп, бюджет түсімін көбейтуге және көлеңкелі экономиканы қысқартуға септігін тигізеді деп болжануда.

Бұған дейін банктер салық органдарына тек жалпы мәлімет – шоттар мен несиелер туралы ақпарат беретін. Енді жаңа Салық кодексінің нормаларына сәйкес бұл тізім нақтыланып, кеңейтілуде. Жобада көрсетілгендей, бұл өзгерістер азаматтарға қосымша қауіп төндірмейді, керісінше бақылаудың ашықтығын арттыруға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар