Индонезияның Ява аралы маңында жолаушылар паромында шыққан өрт салдарынан кемінде бес адам қаза тауып, 28 адам із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Reuters агенттігінің мәліметінше, өрт жексенбі күні Шығыс Явадағы Сурабая қаласынан Оңтүстік Сулавесидегі Макасар қаласына бет алған KM Mutiara Sentosa паромында шыққан. Оқиға Мадура аралының маңында болған. Паром бортында барлығы 271 адам – жолаушылар мен экипаж мүшелері болған.
Индонезияның іздестіру-құтқару қызметінің мәліметінше, осы уақытқа дейін 238 адам құтқарылған, бес адамның мәйіті табылған. Қалған 28 адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Құтқару операциясына Индонезия әскери-теңіз күштері, полиция, ұлттық іздестіру-құтқару агенттігі және жергілікті теңіз қызметтері жұмылдырылған. Іздестіру жұмыстарына жеті кеме, әскери корвет, патрульдік кеме және тікұшақ тартылған. Құтқарушылар шамамен 20 миль аумақта іздеу жүргізіп жатыр. Операция кемінде жеті күнге жоспарланған және қажет болған жағдайда тағы екі аптаға ұзартылуы мүмкін.
Билік өрттің шығу себептерін анықтап жатыр. Кейбір аман қалған жолаушылардың айтуынша, жалын көліктер тұрған төменгі палубадан басталып, қатты желдің әсерінен тез таралған.
Reuters атап өткендей, аралдардан тұратын Индонезияда паром көлігі негізгі қатынас құралдарының бірі саналады. Алайда елде теңіздегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауына байланысты осындай апаттар жиі тіркеледі.