Ақмола облысында 1,65 млрд теңгеге спорт кешені салынып жатыр

Ақмола облысында 1,65 млрд теңгеге спорт кешені салынып жатыр
Ашық дереккөз

Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында құны 1,65 млрд теңге болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы төтенше жағдай салдарын жою негіздемесімен тікелей келісімшарт арқылы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.

Telegram-дағы «Путешествия по госзакупкам» арнасының мәліметінше, мемлекеттік сатып алу конкурстық рәсімдерсіз, бір көзден тікелей шарт жасасу тәсілімен рәсімделген. Құжаттарда мұндай шешімге төтенше жағдайдың салдарын жою негіз болғаны көрсетілген.

Алайда жарияланған құжаттарда нақты қандай төтенше жағдай туралы сөз болып отырғаны көрсетілмеген. Сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы төтенше жағдайдың салдарын жоюмен қалай байланысты екені түсіндірілмеген.

Бұдан бөлек, сатып алу құжаттамасында техникалық сипаттама мен жобаның егжей-тегжейлі мазмұны жоқ. Онда тек нысанның атауы – дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы ғана көрсетілген.

Жарияланған мәліметке сәйкес, сатып алу рәсімінде сілтеме жасалған бұйрықта жекелеген тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді бір көзден тікелей шарт жасасу арқылы сатып алуға мүмкіндік қарастырылған.

Сондай-ақ жарияланым авторларының айтуынша, мердігер ұйым мемлекеттік сатып алуға 2022 жылдан бері қатысып келеді. Бұған дейін ол негізінен тауар жеткізу және шағын ғимараттарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысқан. Оның алдыңғы келісімшарттарының құны 20 млн теңгеден аспаған.

Ақпаратқа сәйкес, Аршалы ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы алғаш рет қолға алынып отырған жоқ. Олардың бірқатары пайдалануға берілген.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысының Бурабай ауданында Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратын 26 млн теңгеге жөндеу жұмыстары да тікелей келісімшарт арқылы рәсімделген болатын. Ол кезде де мемлекеттік сатып алу туралы заңдағы ерекшелік негіз ретінде көрсетілгенімен, мұндай шұғыл сатып алуға қандай жағдай себеп болғаны ашық түсіндірілмеген.