Жамбыл облысында жас спортшының өліміне қатысты күдікті ұсталды

Жамбыл облысында жас спортшының өліміне қатысты күдікті ұсталды
Ашық дереккөз.

Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговая станциясында 25 жастағы спортшы Ахмет Дүкенбай оққа ұшты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға 1 тамызға қараған түні болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, Ахмет Дүкенбай өз үйінің маңында бірнеше рет оқ атылып, ауыр жараланған. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаттарынан көз жұмған.

Марқұмның әпкесі Зарина Дүкенбаеваның сөзінше, отбасы бұл қылмыстың артында ұйымдасқан қылмыстық топ тұруы мүмкін деп санайды. Оның айтуынша, Ахметке бұған дейін белгілі бір адамдардың ықпалына қосылу ұсынылған, алайда ол одан бас тартқан.

Жесірі Алтынай Боранбайдың айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін Ахмет өзіне қауіп төніп тұрғанын айтып, отбасына сақ болуды ескерткен.

Марқұмның әкесі Серік Дүкенбайұлы отбасының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, мемлекеттік қорғау беруді талап етті.

Жамбыл облысы полиция департаменті адам өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Полиция қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын, ал Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.