Қаржы министрлігі 2,5 млрд доллардың егеменді еурооблигацияларын шығарды

Кәмшат Тілеухан 25 мау. 2025 12:14

2025 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасы халықаралық капитал нарығына 2,5 млрд АҚШ долларындағы егеменді еурооблигацияларды орналастырды,деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2,5 млрд АҚШ долларының егеменді еурооблигациялары ішінде мынандай транштар бар:

  • 7 жыл мерзімге 1,35 млрд АҚШ доллары сомасындағы транш, купондық мөлшерлемесі – 5%;
  • 12 жыл мерзімге 1,15 млрд АҚШ доллары сомасындағы транш, купондық мөлшерлемесі – 5,5%.

"Ұсыныстың алдында ҚР Қаржы министрлігі Лондонда роудшоу өткізіп, оған шамамен 180 ірі инвестор қатысты. Еурооблигацияларға деген сұраныс ұсыныстан екі есе асып түсті, бұл Еуропа, АҚШ, Азия және Таяу Шығыс елдерінен келген әртараптандырылған әрі сапалы инвесторлардың жоғары қызығушылығын көрсетті. Мұнай бағасының күрт төмендеуі, геосаяси тұрақсыздық және базалық мөлшерлемелердің құбылмалылығы сияқты күрделі нарықтық жағдайларға қарамастан, Қаржы министрлігі өте бәсекеге қабілетті табыстылықпен орналастыруға қол жеткізді. Алынған кірістілік деңгейі несиелік рейтингі жоғары (A/AA) Польша, Сауд Арабиясы және Чили сияқты елдердің көрсеткіштерімен салыстыруға келеді және BBB рейтингіндегі Мексика, Венгрия мен Перу сияқты елдерден айтарлықтай төмен болды. Атап айтқанда, Қазақстан биылғы жылы A/BBB рейтингіндегі елдер арасында ең төменгі мөлшерлемелердің бірімен облигацияларды орналастыру бойынша рекорд орнатты", делінген министрлік хабарламасында.

Мұндай тиімді табыстылық деңгейлеріне елдің мықты макроэкономикалық көрсеткіштері – тұрақты экономикалық өсім, төмен мемлекеттік қарыз және жоғары сыртқы резервтер арқасында қол жеткізілгені де нақтыланады.

"Еурооблигациялар Лондон қор биржасында, Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында және Қазақстан қор биржасында листингке енгізіледі. Орналастыру нәтижесінде Қаржы министрлігі бұрын шығарылған және бұрын тартылған еурооблигацияларды толық көлемде қайта қаржыландырды", деп нақтылайды ведомство.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар