Қарағандыда ағынды судан ластаушы заттар анықталды: кәсіпорынға 9,8 млн теңге айыппұл салынды

Қарағандыда ағынды судан ластаушы заттар анықталды: кәсіпорынға 9,8 млн теңге айыппұл салынды
Фото: ЖИ

Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде «Қарағанды Су» ЖШС-нің аэрация станциясынан шығарылатын тазартылған ағынды сулар құрамында ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті мөлшерден асқаны белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Зертханалық сараптама барысында аммиак (азот) мөлшері 2,57 мг/дм³ болып тіркелген. Ал белгіленген шекті норма – 2,49 мг/дм³. Сонымен қатар нитриттердің мөлшері 0,925 мг/дм³-ді құрап, рұқсат етілген 0,365 мг/дм³ көрсеткішінен айтарлықтай жоғары болған.

Экология департаментінің мәліметінше, тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға қатысты әкімшілік іс қозғалып, анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілді.

«Тексеру нәтижесінде кәсіпорынға қатысты әкімшілік іс қозғалып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сондай-ақ 9 872 403 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», - делінген ведомство хабарламасында.