Қарағанды облысында сайлау науқаны қыза түсті. Сағат 14:00-дегі жағдай бойынша өңірдің барлық қала, аудандарының тұрғындары үздіксіз келіп, белсенділік танытуда, деп хабарлайды dalanews.kz.
Дауыс беріп жатқандардың арасында түрлі буын өкілдері бар. Бірі отбасымен келсе, енді бірі жұмысқа дейін немесе ауысымнан кейін келіп, дауыс беріп жатыр. Сайлауға алғаш рет қатысып жатқан жастар да бар. Ал аға буын үшін ел өміріндегі маңызды сәтте өз таңдауын жасау – бұрыннан қалыптасқан үрдіс.

Өндірісті өңірдің өз ерекшелігі бар. Бүгін мыңдаған қарағандылық жұмыс орнында, олардың арасында өндірісі үздіксіз кәсіпорындардың қызметкерлері де бар. Ауысыммен еңбек ететін жұмысшыларға өндіріс үдерісіне кедергі келтірмей, өздеріне қолайлы уақытта сайлау учаскесіне барып, дауыс беру мүмкіндігі жасалған.
Сайлау учаскелерінде егде жастағы азаматтар мен ерекше қажеттілігі бар тұрғындарға тиісті жағдай қарастырылған. Сайлау барысын бақылап отырған байқаушылар да дауыс берудің ашық өтіп жатқанын атап өтті. Олардың айтуынша, осы уақытқа дейін сайлау учаскелерінде заңбұзушылықтар тіркелген жоқ.
Дауыс беру жалғасуда, ал сайлау учаскелеріндегі белсенділік әлі де жоғары.