Қарағандыда ветстанция қызметкері тазыларды атып жүрген

Көркем Алдабергенова 26 қаң. 2026 18:30

Қарағанды облысында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР заңына қарамастан, иттерді ату деректері әлі де тіркеліп отыр. Соның ішінде тазы тұқымды иттердің жойылуы қоғам наразылығын тудырды. Қаңтар айының ортасында болған кезекті оқиғадан кейін ит иелері сотқа жүгінбек, деп хабарлайды Dalanews.kz ekaraganda.kz сайтына сілтеме жасап. 

Оқиға Ақтас кентіндегі жеке панажай аумағында тіркелген. Бұл жерде тазы тұқымды иттерді дротикпен атып кету жағдайы алғаш рет болып тұрған жоқ.

Панажай иесі Александр Котеляның айтуынша, ол бұл орынды өзі қаржыландырып, иттерді баптап, тазы тұқымын сақтау ісімен 20 жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Алайда 13 қаңтар күні ол панажай аумағынан екі иттің өлі денесін тапқан.

"Иттер дротикпен атылған. Тағы үш ит жоғалып кетті. Қазір олардың қайда екенін білмеймін", - дейді ол.

Александр Котеля панажайдағы барлық жануарға өзі қаражат шығаратынын айтады.

"Жем-шөбін өзім аламын, вакцина салдырамын, күтім жасаймын. Панажай аумағы биік қоршалған, бейнебақылау камералары орнатылған. Бірақ соның өзі иттерді қорғап қала алмады. Мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Иттерді ату шамамен үш апта бұрын басталды", - деді панажай иесі.

Оның сөзінше, дәл осындай оқиға Қарағанды қаласында да тіркелген. 15 қаңтар күні жеке үйде ұсталған тазы тұқымды ит те дротикпен атылған.

"Біз полиция шақырдық. Бейнежазбалар арқылы иттерді атқан адам анықталды. Ол ветстанция қызметкері болып шықты. Екі жағдайда да адам жеке меншік аумаққа заңсыз кіріп, жануарларды өлтірген. Мен учаскелік полиция инспекторына хабарласып, 13 қаңтардағы бейнебақылау жазбаларын тексеруді сұрадым. Бірақ олар қарауға ниет білдірмеді. Іске де қозғалыс берілмеді, сотқа жүгінуді ұсынды. Алайда бізге белгілі болғандай, күдікті кінәсін мойындап, бәрін растаған. Қазір біз сотқа талап арыз дайындап жатырмыз", - деді Александр Котеля.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі иттерді ату дерегі бойынша арыз түскенін растады.

Ал облыстық ветеринария басқармасы әзірге иттерді атуға ветстанция қызметкерінің қатысы барын ресми түрде растаған жоқ.

Айта кетейік, тазы тұқымды иттер Қазақстанның ұлттық мұрасы ретінде ерекше қорғалатын жануарлар қатарына жатады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove