Қарағандыда қаржы саясаты жаңарды

Самал Асқар 19 ақп. 2026 16:33

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары 2026–2030 жылдарға арналған Өңірді дамыту бағдарламасы аясындағы инвестициялық жоспарды бекітіп, 2026 жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізді. Негізгі қаржы нақты секторды қолдауға қайта бөлінді, деп хабарлайды Dala News.

Нақтыланған бюджет жобасы облыстық бюджет комиссиясының, әкімдіктің, қоғамдық кеңестің отырыстарында және мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен жиынында қаралды. Құжатта республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер, мемлекеттік бағалы қағаздар шығару және 2025 жылғы бюджеттің орындалу қорытындылары ескерілген.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Әшкеновтің айтуынша, бөлінген қаражат есебінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын, жол инфрақұрылымын және әлеуметтік объектілерді салу, реконструкциялау және жөндеу шаралары жүзеге асырылады. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын, агроөнеркәсіп кешенін, өнеркәсіп секторын және туризмді қолдау жалғасады. Табиғатты қорғау шаралары мен коммуналдық меншік мүлкін басқаруға қатысты жобалар да қарастырылған.

Әлеуметтік салада бюджет қаражаты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге, жұмыспен қамтуды қолдауға, мәдениет, ішкі саясат және жастар саясаты бағытындағы іс-шараларға жұмсалмақ.

Сессия барысында депутаттар 2025–2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу есебін де қарады. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаевтың мәліметінше, өткен жылы Үлкен Бұқпа, Нұра, Соқыр, Тоқырауын өзендерінің арналары тазартылып, Тоғызқұдық және Жастлек гидротехникалық нысандары күрделі жөндеуден өткен. Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран және бірқатар аудандарда 15 кәріздік тазарту құрылысы мен желілерін салу және жаңғырту жобалары 2026–2027 жылдары аяқталмақ.

Абай қаласында сұрыптау желісі бар заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы аяқталған. Өңірде орман алқаптарының аумағы ұлғайып, заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Сессия қорытындысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев атқарушы органдар мен депутаттардың өзара тығыз ықпалдастығы ғана өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететінін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove