Қарағанды облысында полицейлер қалааралық бағытта жолаушы тасымалдаумен айналысқан бірнеше жүргізушінің заңсыз әрекетін анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Рейд барысында патрульдік полиция қызметкерлері бірнеше заңбұзушылықты тіркеген.
Тексеру кезінде Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті бағытымен қатынап жүрген Toyota Estima көлігінің жүргізушісі бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, жолаушы тасымалдауды жалғастырып келгені анықталды.
Сол сияқты Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында тағы бір куәліктен айырылған Toyota Alphard жүргізушісі ұсталды.
Ал Mercedes Sprinter иесі көлік салонындағы отырғыштарды ұйықтайтын орындарға айналдырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Барлық жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, көліктер айыптұрағына қойылды.
Қарағанды облыстық полиция департаменті мұндай рейдтердің негізгі мақсаты – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз тасымалдың алдын алу екенін атап өтті.
"Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Біз үшін бастысы – жолаушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау және жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру", – деді департамент өкілдері.