Қарағанды облысында 5,3 млрд теңгенің заңбұзушылығы анықталды: қарыз өсіп, шығын көбейген

Қаракөз Амантай 04 ақп. 2025 10:26 747

Қарағанды облысында жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілеріне жүргізілген аудит нәтижесінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзудың жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге жуықтады. Бұл туралы ҚР Жоғары аудиторлық палатасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“ҚР Жоғары аудиторлық палатасының тапсырмасымен Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясы жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарыздарын басқару тиімділігіне аудит жүргізді. Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге жуық қаржы бұзушылықтары анықталды”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар соңғы бес жылда өңірдің қарыз жүктемесі 2,2 есеге артқанын, ал қарызға қызмет көрсету шығындары 1,5 есеге ұлғайғаны анықталды. Әсіресе, пандемия кезеңінде мемлекеттік бағалы қағаздар көптеп шығарылып, 2020 жылғы қарыз лимиті 3,8 млрд теңгеге асып кеткені белгілі болды.

“Дегенмен қазіргі уақытта қарыз құрылымының оң динамикасы байқалғанымен, оның бюджетке үлкен салмағы 2031 жылы түседі. Сол жылы 20 келісімшарт бойынша 21,7 млрд теңге көлемінде қарызды өтеу қажет. Жалпы, 2024 жылы 1 қаңтардағы негізгі қарыздың 60,4%-ы 2030-2043 жылдар аралығында өтелуі тиіс”, – деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата.

Аудит аясында облыстың қаржы, экономика, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары, сондай-ақ “Қарағанды Су” ЖШС, “Теплотранзит Қарағанды” ЖШС, “Тұрғын үй қорының жаңғырту орталығы” ЖШС, “ФК Шахтер” АҚ және Қарағанды қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тексерілді.

Аудиторлар мемлекеттік органдардың сыртқы және ішкі қарыздарды бақылаудағы формалды тәсілін сынға алды. Әсіресе, “Теплотранзит Қарағанды” ЖШС-нің залалдылығы артып, оның несиелік міндеттемелерін орындай алмау қаупі жоғарылаған. Сонымен қатар, “Қарағанды Су” ЖШС бюджеттен несие ала отырып, таза пайдасын қатысушыларға бөліп, бос қаражатты банктік депозиттерге орналастырғаны анықталды.

Ал “ФК Шахтер” АҚ-дағы қаржы менеджментінің тиімсіздігі жүйелі түрде кредиторлық берешектің өсуіне алып келді. Оның ішінде жалақы, салық және басқа да міндетті төлемдер бойынша қарыздар жинақталған.

Аудит нәтижесінде тексеру комиссиясы анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар беріп, тиісті нұсқамалар шығарды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар