“Мәжіліс халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек”. Қошанов АЭС мәселесіне байланысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 29 қаң. 2025 13:47 1331

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мәжіліс депутаттарын Қоғамдық қабылдау қызметі аясында халықпен тығыз жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Атом электр станциясын салатын жерді анықтау мәселесіне келсек, бұл жөнінде Мемлекет басшысы депутаттық корпустан ұсыныс күтуде. Біз бұл тақырыпты жақсы білеміз. Қазақстанда бейбіт атомды пайдалану қажеттігі туралы бұған дейін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Енді станцияның нақты қай жерде салынатынын салалық комитеттер мен Қоғамдық палата деңгейінде сарапшылар мен ғалымдар қатысатын жиында талқылау қажет. Сол талқылаудың нәтижесінде нақты ұсыныстар әзірлейміз”, – деді Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, барлық заңнамалық шешімдер қоғаммен тығыз байланыста қабылдануы керек.

“Біз “халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидасын басшылыққа ала отырып, сайлаушылармен тұрақты қарым-қатынас орнатуға тиіспіз. Мәжілістің қоғамдық қабылдау қызметі аясында азаматтардың өтініштеріне ерекше көңіл бөлген жөн. Өйткені халықтың пікірі мен мүддесі – Мемлекет басшысының саясатының негізі. Сондықтан әр депутат өз жұмысында осы ұстанымды басшылыққа алуы қажет”, – деді Мәжіліс спикері.

Айта кетейік, 28 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке елде екінші атом электр станциясын салу үшін нақты орын ұсыну туралы тапсырма берген болатын. Сонымен қатар, бұл мәселе бойынша қайтадан референдум өткізілмейтіні де атап өтілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар