Қар тазаламаған шенділерге әкім сөгіс жариялады

Dalanews 03 нау. 2020 03:53 956

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірде 2019-2020 жылыту маусымының өтуі мен қай жерлерде қар әлі толық шығарылмағанын тыңдады.

Павлодар облысында жылыту маусымының өту жағдайы туралы аймақ басшысының бірінші орынбасары Сұңғат Есімханов баяндап берді. Ол күрделі ауа райына байланысты өңірдегі энергия станцияларын көмірмен қамтамасыз етуде қиындықтар болғанын, алайда, қазіргі кезде барлық ірі станциялар қатты отынмен қамтамасыз етілгенін  атап өтті.

[quads id=1]

Жергілікті атқарушы органдар жылудың толық берілмеуі деректері бойынша 814 өтінішпен жұмыс істеді, 91 өтініш бойынша деректер нақтыланды. Осы аптада Павлодарда арнайы қызметтің жедел желісін іске қосу жоспарланып жатыр. 109 қысқа нөмірі бойынша түрлі өтініштер, оның ішінде, жылыту маусымына байланысты шағымдар да қабылданады.

– Қар шығару жұмыстарына келетін болсақ, осы жылы оның мөлшері де, қар қабатының қалыңдығы да өткен жылға қарағанда мол болып отыр, – деді Сұңғат Есімханов. – Қар мүлдем шығарылмаған аймақтар да бар. Алдағы уақытта ауа райының жылынуына байланысты су басу қаупі бар. Сондықтан, қар шығару жұмыстарын жеделдету қажет.


Павлодар облысының әкімі мемлекеттік органдардың қар шығару жұмыстарына көңілі толмайтынын атап өтті.

– Ия, ауа райы бұл жұмыстарға қолайсыздық тудырды, – деді Әбілқайыр Сқақов. – Алайда, шағымдар тым көп, Павлодардың орталығының өзінде проблема бар. Масленица мерекесі өткен жағалаудың өзінде қардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Қазір наурыз айы басталғанына қарамастан, қар тым көп. Бұл қысқы уақытта қарды дұрыстап тазаламаудың салдары.

Облыстық әкімдікте өткен жиналыста 2019-2020 жылдары жылыту кезеңінің және елді мекендерден қар шығару жұмыстарының аралық қорытындысы жасалды. Аймақ басшысы есептерді тыңдап болған соң қойған сұрақтарына берілген жауаптарға көңілі толмады.

Жиынның қорытындысы бойынша аймақ басшысы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Мұрат Әбілқалықовқа өңірдің нысандарын қамтамасыз етудегі оңтайлы басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде тыңғылықты сараптама жүргізбегені үшін, ал, Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкеновке қаланың санитарлық тазалау жұмыстарын төмен деңгейде жүргізгені және қарым-қатынас мәселелеріндегі, атап айтқанда, тасымалдаушылар мен тұрғындардың арасында үйлестірудің мардымсыздығы үшін сөгіс жариялады.


Сонымен бірге, Әбілқайыр Сқақов қалалар мен аудандардың әкімдеріне жылу, электр және су құбырлары желілерін модернизациялау міндетін жүктеп, жергілікті жерлердегі басшылардың жұмысын бағалау кезінде осы көрсеткіштер есепке алынатынын атап өтті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар