Қақаған қыста өзенге түсіп кеткен екі адамды аман алып қалған полицейлер марапатталды

Көркем Алдабергенова 20 мау. 2024 09:56 1971

Қақаған қыста мұздай суға түсіп кеткен екі атыраулықты аман алып қалған полицейлер марапатталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ерлік қылу -  антына берік, елін сүйген ердің ісі. Бүгінде құқық қорғау органдарындағы қызмет елдің ішкі қауіпсіздігінің қалқанына айналғандай. Себебі, сақшылар бейбіт күнде ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін, тіпті өздеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан азаматтарға көмекке келуге әрқашан дайын.Ерлік пен елдіктің үлгісін көрсете білген қос сақшы осыған дәлел. Олар полиция аға лейтенанты Роман Серікұлы мен Жандос Шапхатұлы. Полицейлер Атырау облысы, Құрманғазы ауданы полиция бөлімінде қызмет етеді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен Атырау облысының Құрманғазы ауданы полиция бөлімінің инспекторы Насихан Роман Серікұлы марапатталды. Ибатуллаев Жандос Шапхатұлы ҚР Ішкі істер Министрі полиция генерал-лейтенанты Е.С. Саденовтен Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» медалімен марапатталып, кеуделерін алғашқы төсбелгімен толықтырды. «Айбын» медалі нағыз ерлік көрсеткендерге ғана берілетін мемлекеттік марапат екенін бірі білсе, бірі білмес…

Марапат мерейді асқақтатады, дегенмен ең мотивацияға толы марапат ол - халықтың алғысы деп білеміз дейді сақшылар. Дегенмен, тәртіп сақшыларының шұғыл әрекеті арқасында бір қатер артта қалғандай. Бүгінде бұл оқиғаның орын алғанына 6 айға жуық уақыт өтсе де, сол күнгі мұз ойығына түскен жанның жан айқайы Роман мен Жандостың әлі көз алдында.

Оқыс оқиға 2023 жылы 25 желтоқсан күні сағат 19:20 шамасында Құрманғазы ауданының Шарон өзенінде болды. Қыстың ызғары енді сезіле бастаған мезгіл. Орта жастағы әйел мұз үстімен өтуді жөн көреді. Алайда, су қателікті кешірмейді... Бұл уақытта аудандық полиция бөлімінің саптық жиынынан тарап келе жатқан полиция қызметкерлері тез арада оқиға орнына жетуге бағыттама алады. Хабарламаны естіген Тәрбие және кадр бөлімшесінің инспекторы Роман Насихан да уақыт өткізбей жеке автокөлігімен оқиға орнына жеткен.

Оқиға орнына бірінші жеткен ол автокөліктен арқан жіп алып мұз үстіне шығады. Шығар сәтте көмекке келген ер адамның да мұз ойығына түсіп кеткенін көрген. Сол кезде патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері мен Жандос Ибатуллаев көмекке келіп, суға кеткен әйел адам мен оны құтқаруға оқталып өзі де ойылған мұз құрсауында қалған ер адамды құтқарып қалған. Жұқа мұз үстіне бір уақытта 10-ға жуық адам шыққан сәтте мұз ойығы одан әрі үлкейген. Бірақ, бар күш-жігері мен мол тәжірибесін салған полиция қызметкерлері адам өміріне араша болар сәтте аязды күн мен мұзды суға қарамастан 27 жастағы полицей оқыс оқиғаға куә болып бей-жай қарамаған азамат пен 64 жастағы әйел адамды жағаға аман-есен шығарды.

Алланың қолдауы шығар, екеуміз де сумен жанталасып жүріп, жағаға әзер шықтық. Халыққа көмектескен кез қандай керемет сезім... Қала мен ауыл тұрғындарының алғысын естіп, әлеуметтік желідегі видеоның астына жазылған небір жақсы сөздерді оқып, ерекше әсерге бөленген едік. Кейін Мемлекет басшысы мен Ішкі істер Министрінің «Айбын» медалін табыстау кезінде дән риза болдық. Егер де осындай жағдайға тағы тап болсақ, дәл осылай әрекет қыламыз. Себебі, біз үшін ең бастысы - халықтың амандығы. Осылай еңбегімізді елеп, үлкен құрметке лайық қылған Мемлекет басшысына бек рақмет, - деді атыраулық полиция қызметкерлері.

Қиындығы мен қызығы ұштасқан саланы таңдап, Отан алдындағы антын беріп, оны берік ұстанып жүрген атыраулық полицейлер ешқашан қауіптен қашқан емес. Кез-келген адамның басына қауіп төнсе, көмекке келуге әзір! Роман мен Жандостың Мемлекеттік марапаттауды иемденуі, бұл олардың ерен еңбегінің жемісі. Құрманғазы ауданында аға лейтенант дәрежесінде жүріп-ақ жас полицейлердің жасаған бұл ерлік іс баршаға үлгі.

Асылай Жұмажанова

Атырау облысы полиция департаменті

Ақпараттық саясат бөлімінің инспекторы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар