19 наурыздан бері БАҚ беттері мен телеграм арналар Ішкі істер министрін басқарған Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жарыса жазып жатыр. Іс қаңтар оқиғасына қатысты екені айтылды. Ал бүгін Бас прокуратура желіде тараған ақпараттарға қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігін басқарып отырған Ержан Сәденов Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық министрліктің құзырында емес екенін айтқан болатын. Осылайша Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны расталғандай болды.
«Бұл істі Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан жоқ. Сондықтан қандай іс, қандай бап бойынша іс жүріп жатқанына пікір білдіре алмаймын», - деген еді Сәденов Мәжіліс кулуарында.
Бірақ артынша Бас прокуратура Ерлан Тұрғымбаевты және полиция органдарының басқа да басшыларын қылмыстық қудалау туралы түрлі телеграм-арналарда таратылған ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Ведомство мәліметінше, 2022 жылдың басынан бастап Бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезеңінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етпеуге, сондай-ақ азаматтарға азаптауды қолдануға байланысты күш органдарының қызметкерлеріне қатысты тергеп-тексерулерді әлі де жалғастырып жатыр. Оларды жасағаны үшін соттармен облыстық полиция және ұлттық қауіпсіздік органдарының бірқатар басшылары мен қызметкерлері сотталған.
Бас прокуратураның бүгінгі мәліметі бойынша, жүргізіліп жатқан тергеп-тексерулер барысында Ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаевтан да жауап алынған. Осылайша Бас прокуратура Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпаратты теріске шығарғандай болды.
Тұрғымбаев және Қаңтар оқиғасы
Былтыр қаңтарда Бас прокурор Берік Асылов 20 мың террорист сол күйі табылмағанын айтқан болатын. Ал оның алдында 2022 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының бұрынғы Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы болған Ерлан Тұрғымбаев қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматыға 20 мыңға жуық лаңкес келгенін хабарлаған еді.
Кейіннен Қаңтар оқиғасынан кейін жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыпталған полковник Руслан Ысқақов Ерлан Тұрғымбаев шынайы фактілерді бұрмалап, өз жауапкершілігінен жалтарып, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушы ретінде Арман Жұмагелдиевті көрсеткенін айтты.
«Бұл ойға қонымсыз және мүмкін емес нәрсе: ол Қазақстанға 2021 жылдың 17 желтоқсанында қызының денсаулық жағдайына байланысты ғана келсе, ол нені, қалай ұйымдастырып үлгереді? Одан бөлек, 2017-2021 жылдары Қазақстанға әр келгенін ІІМ-мен мақұлдап отыратын. Соңғы келгенін де Жұмагелдиев Тұрғымбаевпен мақұлдап, оған дәлел ретінде 2021 жылы 17 желтоқсанда сөйлескендерін көрсетуге болады», - деді полковник Руслан Ысқақов.
Одан бөлек, Ерлан Тұрғымбаев "Дикий Арманның" Қаңтарда Қазақстанға еркін кіруін қамтамасыз еткен деген ақпарат тарады.
"Тағы бір маңызды факт: Тұрғымбаев "Дикий Арманның" Қаңтарда Қазақстанға емін-еркін кіруіне жәрдемдескен және Мемлекет басшысына сол тұстағы ахуал туралы теріс ақпарат берген. Неге екені, Ысқақов Алматыда қару-жарақ арсеналы сақталған және тәртіпсіздікке қарсы штаб болған ІІД ғимараты басып алынғаны туралы сөз қозғамайды. Ысқақов бұл туралы айтпауды жөн көреді. Бірақ Таймерденов әуежайды басып алуға қатысқан кейбір адамдарды босатып жібергенін басып айтады.
Әуежайды басып алуға қатысты да бөлек тоқталуға болады. Ысқақов әуежай басып алынғаннан кейін келген жұмбақ борт туралы, ол борт артынша Бішкекке бос болып ұшып кеткені туралы айтпайды. Сонымен қатар, ол борт Алматыға 10 рет ұшып келгенін, артынан мүлде көрінбегені туралы айтпаған. Шекара ҰҚК бақылауында екенін ескерсек, Қазақстанға Қаңтар оқиғасын бақылауға алған радикалдар ұшып келуі де ғажап емес", - делінген телеграмда тараған ақпаратта.