Этникалық қазақ Абдул Халил Наджибулла Қазақстанда 20 жылдан аса уақыт тұрған, бірақ 2019 жылы азаматтығы мен бизнесінен айырылған. Оның айтуынша, кәсіпорнын сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарған Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімовке беруден бас тартқаннан кейін осындай жағдай болған. Бұл туралы ҚазТАГ жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"2019 жылы әкемді ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімовпен кездесуге шақырған. Астанадағы қонақүйлердің бірінде менің туыстарымның көзінше одан элеваторды беруді талап еткен. "Бизнесіңді бересің бе, әлде менің ұлыммен байланысқың келе ме?" деген. Әкем бас тартқан, сол сәттен бастап бәрі құлдырай бастады", - деді зардап шеккен кәсіпкердің ұлы Абдул Халил Әлижан.
Абдул Халил Наджибулла 1993 жылы Ауғанстаннан қоныс аударған, 2001 жылы Президент жарлығымен Қазақстан азаматтығын алған. Көкшетауда тәулігіне 200 тонна ұн, 16,6 мың гектар жер және 200-ден аса қызметкерді қамтитын диірмен кешені бар "Ұмай Жер" агроөнеркәсіп холдингін құрған. Оның айтуынша, 2019 жылы Қажымқан Мәсімов оның бизнесіне қызығушылық танытқан. Қандастардың сөзінше, бұдан бас тартқаннан кейін қылмыстық қудалауға ұшырап, екі жылға қамауға алынған. 2022 жылы Жоғары сот үкімнің күшін жойған, бірақ бизнес құрдымға кеткен. Сондай-ақ, кәсіпкер азаматтығынан айырылған.
Басылым бұл жағдайға байланысты ҰҚК төрағасына сауал жолдаған.
"ҰҚК сауалда көрсетілген адамға қатысты 2022 жылы Қылмыстық кодекстің 245-бабы (Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерді төлеуден жалтару) бойынша соталды тергеу жүргізді. 2023 жылы сот үкімімен ол мемлекетке келтірілген залалды өтей отырып, бес жылға бас бостандығынан айырылды", - деп жазылған жауапта.
Басылым бұл ақпаратқа орай Қажымқан Мәсімовтің өкілдерінен пікір білдіруді сұраған.