"Қанат Бозымбаев пен Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық". Тоқаев шенеуніктерді сынады

"Қанат Бозымбаев пен Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық". Тоқаев шенеуніктерді сынады
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

️Президенттің сөзінше, Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады.

"Қалаға қосылған елді мекендердің (Жетіген, Қоянқұс және тағы басқалар) тұрғындары тұрмысқа қажет қарапайым жағдай жасалмағанын айтады. Электр жиі өшуіне қатысты арыз-шағым көптігін былай қойғанда, тұрақты интернет, сапалы жол, орталықтандырылған су жоқтығын алға тартады. Мұндай проблемалар облыстың барлық аумағында бар. Мәселен, 2025 жылы электр желісінің тозуы 70 пайызға жуықтап, соның салдарынан электр қуатының өшірілуі 919 рет, ал жыл басынан бері 201 мәрте тіркелген", - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қаланың жаңа аудандарында инженерлік коммуникация тарту жұмыстары әлі күнге дейін жобалау сатысында қалып отыр. Үш қосалқы станцияны жөндеу және су алу қондырғысының қуатын арттыру жобалары белгіленген кестеден кешігіп жатыр.

"Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық. Бұл жағдайды премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, сонымен қатар, әкім Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын. Жаңа энергия қуаты көздерін кеңейту мен іске қосу қажеттігі – елдік деңгейдегі мәселе.   Мамандардың басым бөлігі энергия тапшылығы мәселесінің негізгі шешімі жаңа генерацияны іске қосу деп біледі. Пікірталастың барлығы екі аспектіге – қанша және қандай электр станцияларын салу қажет деген сауалға келіп тіреледі.   Біз қашанда талқылауға дайын тұрамыз. Бірақ қазіргі уақытта еліміз энергияны қаншалықты көптеп жоғалтып отыр деген негізгі сауалды ешкім қозғамайды", - деді Президент.