«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасын жүзеге асыруға жауапты Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев алдағы жұмыстың үш негізгі бағытын айқындады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өңірлердің басым бөлігі жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Дегенмен, әкімдіктерге 2026 жылдың жобаларын ерекше бақылауға алып, жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен бірге өңірлер қажетті процедураларды уақытылы өткізіп, келесі құрылыс маусымында жұмысты үзіліссіз бастау үшін 2027 жылға арналған жобаларды алдын ала дайындауы тиіс.

Тұтынушыларды есептеу құралдарымен (есептегіштермен) қамтамасыз етуге бөлек көңіл бөлінді. Тікелей жауапты министрліктерге әкімдіктермен бірлесіп, әр өңірдің қажеттілігін анықтау және 2029 жылға дейін есептегіштерді орнатудың нақты жоспарын бекіту тапсырылды. Қанат Бозымбаевтың пайымдауынша, су, жылу және электр энергиясын тұтынуды толық есепке алмайынша, коммуналдық саланы толыққанды цифрландыруға өту мүмкін емес.
Тағы бір тапсырма коммуналдық қызметтерді төлеу кезіндегі тұрғын үй көмегіне қатысты болды. Оны тағайындау рәсімін жеңілдетіп, автоматтандыру жоспарлануда. Ол үшін бірыңғай есеп айырысу орталықтары мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялануы тиіс, осылайша қажетті мәліметтер автоматты түрде түсіп, азаматтарға құжаттарды қайта жинаудың қажеті болмайды.