Qamalladin University мен Ұлттық жоғары білімді дамыту орталығы меморандумға қол қойды

Qamalladin University мен Ұлттық жоғары білімді дамыту орталығы меморандумға қол қойды

Qamalladin University мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық жоғары білімді дамыту орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар микробіліктілікті дамыту және тәжірибеге бағытталған білім беру бағдарламаларын жетілдіру бағытында бірлесіп жұмыс істемек, деп хабарлайды dalanews.kz.

Меморандум аясында Ұлттық жоғары білімді дамыту орталығы Qamalladin University-ге оқу бағдарламаларының Ұлттық біліктілік шеңбері мен еліміздегі кәсіби стандарттарға сәйкестігі бойынша консультациялық қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар тараптар микробіліктілік мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер мен жұмыс топтарына бірлесіп қатысуды жоспарлап отыр. Қысқа мерзімді тәжірибелік бағдарламаларды кейін жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізуге мүмкіндік беретін тәжірибені дамыту да көзделген.

"Бүгінде Қазақстанда Tech Orda және жекеменшік білім беру ұйымдары ұсынатын түрлі қысқа мерзімді практикалық бағдарламалар бар. Алайда мұндай курстарды аяқтап, кейін жоғары оқу орнына түскен азаматтардың бұған дейін алған практикалық білімі мен дағдылары жоғары білім беру жүйесінде көп жағдайда есепке алынбайды.

Осыған байланысты меморандумның негізгі бағыттарының бірі – қысқа мерзімді бағдарламалар мен бейресми білім беру нәтижелерін жоғары білім беру жүйесімен байланыстыру тетіктерін дамыту", - дейді универститет басшылығы.

Дегенмен құжат Qamalladin University-ге жоғары оқу орны мәртебесін бермейді және ұйым жоғары білім туралы диплом бермейді. Сондай-ақ меморандум тараптарға қаржылық немесе мүліктік міндеттемелер жүктемейді. Бейресми білім нәтижелерін тану әзірге бірлескен жұмыстың бағыты ретінде ғана белгіленген.

Qamalladin University өкілдері бұл келісімді Қазақстанда бейресми білімді тану тетіктерін қалыптастыру жолындағы алғашқы қадамдардың бірі екенін жеткізді.