Қала тұрғындары үшін менің есігім әрқашан ашық - Көлгінов

Dalanews 18 шіл. 2021 10:00 872

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жыл басынан бері 300-ге жуық азаматты қабылдағанын мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Азаматтарды қабылдауды тұрақты жүргізуді жалғастырамыз. Бүгін тағы 8 адамды жеке қабылдадым. Жыл басынан бері 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылды.

Қабылдауда көтерілетін негізгі мәселелер - тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, әлеуметтік және медициналық көмек, елді мекендерді дамыту, білім алу, абаттандыру және басқалар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үй, медициналық және оңалту нысандары құрылысының көлемі ұлғайды.

Мысалы, осы айда көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша (Сарыарқа ауданы, Кенесары көшесі, 9/1) ашылды. Қазір балалар мекемеге барып жүр. Балабақшада тәрбиешілермен бірге медициналық қызметкерлер де жұмыс істейді.

Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығының желісін айтарлықтай кеңейттік. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі негізде жалғастырамыз.

Азаматтарды қабылдаудан бөлек қала тұрғындарымен өзара байланысты нығайтуға елорда аудандары, соның ішінде елді мекендерді тұрақты аралау айрықша көмектеседі.


Бұл шаралар тұрғындарды барынша көп қамтуға мүмкіндік береді. Қала тұрғындары көтерген мәселелерді назарға алып, жұмыс істейтін боламыз", — деп жазды елорда әкімі.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар