Қажеті жоқ 6 велосипедті 219 мың еуроға сатып алған

Dalanews 04 нау. 2020 05:01 817

«Астана» спорт клубының былық-шылығы ашылды Жемқорлықпен күрес агенттігі «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубына қатысты жаңа былықтардың бетін ашты, – деп хабарлайды КТК арнасы.

«Астана» спорт клубындағы 2 миллиард теңгенің талан-таражға түсуіне клубқа қарасты «Астана Моторспортс» жетекшісі, белгілі автошабандоз Артур Ардавичус айыпталып келген еді. Енді күдіктілердің қатарына президенттік клубтың директоры Аманбек Көлшіков пен «Астана PRO Team» велокомандасының басшысы Ләззат Шәмшиева қосылды.

Жемқорлықпен күрес агенттігі «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубына осымен үшінші ай қатарынан шүйлігіуде. Әуелде «Астана Моторспортсты» басқарған Артур Ардавичус 800 миллион теңгені жымқырды деп айыпталса, артынша ақшаның көлемі 2 миллиард теңге дейін жеткен-ді.

Енді  күдіктілер қатары да көбейді. «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры қаржыландыратын «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубының құрамына бұрын алты спорт ұжымы кірсе, қазір олардың саны төртеуге қысқарған.

Тергеу мәліметтері бойынша, президенттік клуб директоры Аманбек Көлшіков 2016-2018 жылдар аралығында сол спорт клубтарына қанша қаражат керек екенін біле тұра, оларды бірнеше есе артығымен қаржыландырған.

– Қаражаттың мақсатты жұмсалғаны туралы Шамшиева және Ардавичус ұсынған жалған есептерді қабылдаған. Артық бөлінген ақша қаражаты шетелдік компаниялармен жалған келісімдер жасау және оқу-жаттықтыру жиындарын ұйымдастыру, үй-жайларды жалға алу, тауарлық-материалдық құндылықтар сатып алу бойынша жалған хаттамалар толтыру жолымен жымқырған, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бас сарапшысы Сымбат Исрапулова.


Оның айтуынша, демеушілер жыл сайын кәсіби жарысқа қатысуға әлемдік стандартқа сай 200-ден астам брендтік велосипедтерді тегін алып беріп отырады. Ал бұлар 2018 жылы қажеті болмаса да, Алматыдағы бір компаниядан 6 велосипедті қосалқы бөлшектерімен қоса «219 мың еуроға сатып алдық» деп жалған құжат жасаған.

Ол аздай, аты аталған басшылар «Самұрық Қазынаның» ақшасын отбасы мүшелері мен спортқа еш қатысы жоқ басқа да, тамыр-таныстарының жол шығынына жұмсаған. Сөйтіп ел ішінде немесе шетелге барып келген әуе билеттеріне 100 миллион теңгеден астам ақшаны аямапты.

– Қазір Көлшіков және Шамшиева Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторына орналастырылған, сот оларға қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау бұлтартпау шарасын санкциялады. Ардавичусқа, оның ішінде Интерпол желісі бойынша да, халықаралық іздеу жарияланды. Іс бойынша күдіктілердің Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы қымбат мүліктері, автотранспорттық құралдар, элиталық пәтерлер, жер учаскелері қоса анықталып, тыйым салынды, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бас сарапшысы Сымбат Исрапулова.

Агенттік ұлттық қордың ақшасын жымқыру жайында осы үшеуінен артық ешкімнің аты-жөнін атған жоқ. Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған аталмыш іске «Дархан Қалетаевтың қатысы бар» деген қауесетті де әзірге ешбір орган жоққа шығарған жоқ.


Ол 2009-2016 жылдары ұлттық қордың атқарушы директорларының бірі болған кезде спорт саласы соның қарамағында болған еді. Ал өткен айда Дархан Қалетаев Украинаға елші болып кетті.

Ербол ТҰРЫМБЕТ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар