Мемлекетке қайтарылған активтер әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары мемлекеттік меншікке 1 трлн теңгеден астам қаражат қайтарды.
Қайтарылған қаражат мектептер, ауруханалар, спорттық және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға бағытталуда.
Көлік саласында жалпы құны 40 млрд теңгеден асатын алты ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның үшеуі қазірдің өзінде аяқталған.
Сол жобалардың бірі – Павлодар әуежайын қайта жаңғырту. Әуежайдың ұзақ уақыт бойы тиісті жағдайда болмауы өңірдегі әуе қатынасының дамуын шектеген. Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 200-ден 300 жолаушыға дейін артты.
Арқалықта да әуе қатынасына қатысты мәселе шешілді. Қала мен оған жақын аудандардың тұрғындары 30 жылдан астам уақыт бойы толыққанды әуе қатынасына қол жеткізе алмаған.
22 тамызда қайтарылған активтер есебінен Арқалық әуежайының жаңа терминалының құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Бұдан бөлек, 1 маусымда Балқаш әуежайы пайдалануға берілді. Оны жыл сайын мыңдаған тұрғын мен турист пайдаланады.
Бас прокуратураның мәліметінше, әуежайларды жаңарту тек жаңа ғимараттар мен ұшу-қону жолақтарын салумен шектелмейді. Негізгі мақсат – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуе қатынасын қолжетімді ету және өңірлердің дамуына жаңа мүмкіндік жасау.
Осылайша, мемлекеттік меншікке қайтарылған активтер нақты жобаларға бағытталып, азаматтардың игілігіне жұмыс істеп жатыр.
Бас көлік прокуратурасы көлік саласындағы жобалардың заңды жүзеге асырылуын және мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды жалғастыруда.