Кәсіпорын басшысының орынбасары Серік Ташназаровтың айтуынша, зауытқа қажетті шикізат Қызылорда, Алматы, Шымкент қалаларынан тасымалданады. Бүгінде зауыт басшылығы өндіріске қажетті қағаз қалдықтарының бір келісін 40 теңгеден сатып алып отыр.
– Зауыт тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін қағаз қалдықтары яғни макалатура қажет. Қазіргі таңда шикізаттың бағасы күннен күнге өсіп жатыр. Өйткені біздің нарықтағы қағаз қалдықтарын өзбекстандық кәсіпкерлер сатып алу үстінде. Олар бүгінде макалатураның бір келісінің бағасын 60 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Сондықтан «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына шикізаттың осы түрін шетелге шығаруға шектеу қойса деген ұсынысымызды жолдадық, – дейді Серік Ташназаров.
Зауытта тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған қондырғы Қытайдан арнайы әкелініпті. Қағаз қалдықтарын жібітіп, қайта картон ететін құрылғыда жергілікті азаматтар жұмыс істейді. Қытайлық мамандардың арнайы оқытуынан өткен олар қондырғыны толық меңгерген.
Қазіргі таңда зауыт өнімдеріне сұраныс мол. Әсіресе, тапсырыстар Павлодар, Қарағанды, Алматы облыстарынан жиі түседі. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы өз өнімдерін көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне жөнелтуді жоспарлап отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі