Пышақтап, пәтерге қамап кеткен: Ақмола облысында 58 жастағы әйел қаза тапты

Пышақтап, пәтерге қамап кеткен: Ақмола облысында 58 жастағы әйел қаза тапты
Фото: iStock

Атбасарда пышақ жарақатымен өз пәтерінен ес-түссіз күйде табылған 58 жастағы әйел қайтыс болды. Оқиғаға байланысты күдікті ретінде оның көршісі ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, әйел іш тұсынан бірнеше рет пышақ жарақатын алған. Болжам бойынша, көршісі оған пышақпен шабуыл жасағаннан кейін пәтердің есігін сыртынан құлыптап, оқиға орнынан кетіп қалған. Пышақты да өзімен бірге алып кеткені айтылады.

Оқиға орнына келген полицейлер пәтерге кіру үшін есікті бұзып ашқан. Іштен ес-түссіз жатқан 58 жастағы әйел табылған. Кейін оның алған жарақаттарынан көз жұмғаны белгілі болды.

Ақмола облысының Полиция департаменті күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.

«Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Ақмола облысының Полиция департаменті.

Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр.