Freedom Inside '26

"Пилондағы спорт стриптизге тең емес!" Депутаттың сауалынан кейін спортшылар бас көтерді

"Пилондағы спорт стриптизге тең емес!" Депутаттың сауалынан кейін спортшылар бас көтерді
Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков елде Паралимпиадаға өз деңгейінде қаржы бөлінбейтінін ашық сынаған еді. Осы жайтқа қатысты Қазақстанның әуе-спорттық эквилибрі бойынша федерациясы өкілдері үндеу жариялады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.


Серіковтың айтуынша, Қазақстанда стриптиз көрсетілетін спортқа ақша бөлінеді.



"Олимпиадалық емес спорт түрлерін қолдаймыз, жақсы, жарайсыздар. Ал мүгедектер тоқалдан туды ма? Бірде-біреуіне қолдау көрсетілмейді. Мүгедектер де спортпен шұғылданғысы келеді.Мүгедектер де адамдар, олар да алтын әкеледі. Нидерланды бір жыл ішінде Олимпиадаға 41 миллион доллар жұмсайды, елге 36 медаль әкеледі, оның 10-ы алтын. Қазақстанда 775 миллион доллар жұмсаймыз, бірақ 8 қола медаль әкелеміз. Паралимпиадамен салыстырыңыз. ...Біздің пара велосипедшілерімізді саусақпен санауға болады, бірақ оларға велосипед сатып алып бере алмаймыз. Велосипед Қазақстанға жеткенше, оның бағасы 9 миллионнан 36 миллионға дейін өсіп кетеді. Содан кейін оған бүкіл ел болып жинап береміз. Бірақ бұл ретте мемлекет стриптиз көрсетілетін спорт түріне ақша бөледі",- деген еді депутат.



Даулы депутаттық сауалдан кейін спортшылар бас көтерді. Қазақстанның әуе-спорттық эквилибр бойынша федерациясының өкілдері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады.



"Пилондағы спорт стриптизге тең емес. Бұл - көкжиегі тар адамдардың ойы. Пилондағы спорт - көп уақытты, күш пен төзімділікті қажет ететін спорт. ...Біздің федерациядағы спортшылардың басым бөлігі - кәмелет жасына толмаған балалар. Олар - халықаралық, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері. ...Құрметті Президент осы мәселені шешуіңізді сұраймыз және балаларымыздың, спорттың қорғалатынына сенеміз", - деді Қазақстанның әуе-спорттық эквилибр бойынша федерациясы өкілдері.