Пиардың күйін күйттеп, музыка салып, клип түсіруге барғандай: журналист блогерлер мен шенеуніктерді сынады

Сағыныш Сардарова 18 сәу. 2024 10:55 2682

Танымал журналист Ерболат Мұхамеджан су тасқынына көмектесемін деп жүрген біраз адамды сынға алды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Біздің кейбір әнші, әртіс, қоғам қайраткерлері, блогерлер, депутаттар, министрлер су тасқыны орын алған өңірлерге барып жатыр. Барсын әрине, бармасын демейміз.

Бірақ сырттай қарағанда контент жасаумен айналысып жатқандай көрінеді. Әнші, әртіс, қоғам қайраткерлері, блогерлер елді сабырға шақырып, үндемей-ақ көмектескеннің орнына, халықты шулатып байбаламға салып жатқандай әсер қалдырады", - деді ол.

Журналист депутаттар мен министрлер де пиардың қамын күйттегенін айтты.

"Ал кейбір депутаттар мен министрлер таза пиар үшін жасап жүргендей көрінеді. Қастарында бір-бір мобилограф барлығының. Кәдімгі күшті музыка салып, клип сияқты түсірген. Өтірік күрек ұстап, камераға жақсылап ойнап подписчиктерден лайк жинау үшін барған сияқты", - деп жазды ол.

Оның сөзінше, сол өңірлердегі азаматтар осылайша өздерінің  жұмыстарына кедергі жасап жатқанын жеткізіпті.

"Халықты тасуға арналған вертолеттерді кейбір кезде сұрап мазаларын алған, Астанаға звондаған. Бұл қарапайым жергілікті әкімдіктегілер үшін артық жұмыс тудырады. Сосын оларды тасу керек, күту керек, жағдайын жасау керек, көңіл бөлуі керек. Егер осыларды істемесе барған жері туралы нашар әңгіме шығарады. Менің ойымша, төтенше жағдай жарияланған өңірлерге дүрбелең тудыратындардың баруын шектеу керек. 

...Барған соң, шынайы түрде көмегімізді аямайық. Бірақ, “айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады” мақалына сәйкес болмайық…" - дейді журналист.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Cәрсенғалиев арнасынан адасып аққан судың салдарынан өмір бойы жиған-терген дүниесінен, үйінен, мал-мүлкінен, қара шаңырағынан қапыда айрылған ағайынның өтінішін айтты. Оның сөзінше, елдің жартысы қарғын су қақпанында отыр.

"Қазақ "Алпыс күн тасыған су, Алты күнде қайтар" дейді. Бірақ қайтқан су әкелген қайғысын әкетпейді. ...Жұмысына салғырт  қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл - Президенттің және елдің нақты талабы", - деді ол.

Депутат апта аяғында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысына аяқтай барған. Құлсарыда 2900 үй су астында қалған. Ол Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпей отырғанын, қазірдің өзінде 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалғанын, 450 үй қирағанын мәлімдеді.

"Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге қарай жөңкілеп келеді. Жайық өзені БҚО-ң 600 шақырым жеріне ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі - 8,5 метр. Демек келе жатқан су қалыптағыдан 3 метрден аса. Жайықтың бойында 84 елді мекен бар, ол жақта 126 000 адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес", - деді ол.

Нартай Аралбайұлы су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі өтемақы екенін, сонымен қатар, комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып, аралық акт жасауы қажет екенін жеткізді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x