Путиннің ескертуі: Алаудинов Қадыровтің орнын баса ала ма?

Асхат Райқұлов 21 там. 2024 11:04 1698

Ресей президенті Владимир Путиннің бір күн бұрын Грозныйға барып, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровпен кездескені белгілі. Dalanews.kz тілшісі Путиннің Қадыровпен не туралы сөйлескенін анықтап көрді.

Біріншіден, Рамзан Ахматұлы жақында ғана денсаулығының нашарлауына байланысты ем-дом алып, дәрігерлердің қорытындысын алған. Онда Шешенстан басшысының жағдайы әзірге жақсарғанымен, жалпы болжам көңіл көншітпейтіні жазылған, Оның өмір сүруіне 12-14 айдан аспайтын көрінеді.

Екіншіден, басқосу барысында Солтүстік әскери округі мен Курск облысындағы жағдай талқыланған. Президент Путиннің Шешенстан әскербасшысы Апти Алаудиновтың соңғы мәлімдемелеріне көңілі толмай отыр. Владимир Владимирович Кавказға келмей тұрып жария болған Алаудиновтың сөздері Ресей армиясындағы ахуалды күрделендіріп жіберген. Атап айтқанда, Ахмат пен әскери бөлімшелер арасындағы байланысқа сызат түсірген.

Сол себептен де Президент «уақытында аузын жаба алмаған Алаудиновтің үлкен істі басқара алатынына» күмән келтірді. Сонымен қатар Путин оның Қадыровтан кейін Шешенстанды басқару перспективасы нөлге тең екенін ескертті.

Дегенмен, дереккөздеріміздің бірі бұл сөз Қорғаныс министрінің қызметіне қатысты айтылды деп есептейді. Алайда, біздің бұл ақпаратқа күмәніміз бар, өйткені Белоусов таяуда ғана тағайындалды және бұл қызметке қажет болса, одан әлдеқайда ықпалды, тәжірибелі, беделді кандидаттар бар.

Үшіншіден, Владимир Путин Қадыровпен ахматшылардың майдандағы ұрыс қимылдарына белсендірек қатысу мүмкіндігін талқылады. Қадыров майдан шебінде, атап айтқанда Курск аймағында жауынгерлер санын көбейтуге уәде берген.

Сондай-ақ Қадыров өзінің «мұрагері» туралы ештеңе дей қоймаған. Бұл мәселені ем-домының соңына таман талқылауды жөн көрген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар