Путинге соғысты тоқтатуды үндеген депутатқа іс қозғалды

Көркем Алдабергенова 31 қаң. 2026 10:42

Самара облысының депутатына отырыста айтқан сөзі үшін әскерді «беделін түсірді» деген айыппен іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Әңгіме Самара облысының саясаткері Григорий Еремеев жайлы болып отыр. Депутатқа Ресей армиясының беделін түсіру бабы бойынша іс қозғалды. Тиісті материалдар Самара қаласындағы Ленин аудандық сотына жолданған.

Дау тудырған оқиға 2024 жылдың желтоқсан айының соңында Самара облыстық думасының отырысында болған. «Осторожно, новости» Telegram-арнасының жазуынша, отырыс барысында «Демократическая партия России» атынан сайланған депутат Григорий Еремеев арнайы әскери операцияның (соғыстың) нәтижелерін сынға алып, әріптестеріне «сәтсіздік үшін кінәні мойындап, азаматтардан кешірім сұрап, отставкаға кетуді» ұсынған. Сонымен қатар ол Ресей президенті Владимир Путинге арнайы әскери операция аймағындағы соғыс қимылдарын тоқтатуды ұсынған.

«Осторожно, новости» материалында Еремеевтің сөз сөйлеген бейнежазбаларының өшірілгені, тек скриншоттар ғана қалғаны да айтылған.

Кейінірек Еремеевтің өзі журналистерге желтоқсан айының соңында Самара думасындағы сөзінен кейін оған армияны дискредитациялау бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлады. Оның айтуынша, арнайы операцияға қатысты мәлімдемелерінен соң «депутаттар бірауыздан оның сөзін құқық қорғау органдарына жолдау жөнінде дауыс берген».

Еремеев өзіне қатысты жасалған хаттамамен келіспейтінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл айыптауға ешқандай негіз жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove