Путин Зеленскиймен кездесуге келісті

Көркем Алдабергенова 19 там. 2025 16:44

Ресей президенті Владимир Путин Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесуге келісімін берді. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Fox News арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Рубионың сөзінше, Ресей мен Украина басшыларының кездесуін ұсынған – АҚШ президенті Дональд Трамп. Қазір америкалық тарап келіссөзді ұйымдастыру үшін жұмыс жүргізіп жатыр.

"Егер бәрі ойдағыдай өтсе, келесі кездесу Путин, Трамп және Зеленскийдің қатысуымен өтеді деп үміттенеміз. Сол жерде біз келісімді түпкілікті рәсімдеуге ниеттіміз. Бүгін осыған қалай жетуге болатыны талқыланды. Бірақ Путиннің: «Жақсы, мен Зеленскиймен кездесемін» деуі – бұл үлкен жетістік. Әрине, олар сол бөлмеден ең жақын дос болып шықпайды, бәлкім бейбіт келісім де болмайды. Бірақ адамдардың сөйлесе бастауының өзі маңызды. Мұндайға үш жарым жылдан бері қол жеткізілмеген еді", – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.

Сонымен қатар Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров журналистерге берген жауабында Путин мен Зеленскийдің кездесуі бірден бола қоймайтынын меңзеді.

"Ресей Украинадағы жағдайды реттеу бойынша ешқандай форматтан – екіжақты да, үшжақты да – бас тартпайды. Бірақ мемлекет басшылары деңгейіндегі кез келген кездесуді аса мұқият дайындау қажет", – деді Лавров.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар