Ресей президенті Владимир Путин ірі бизнес өкілдерімен өткен жабық кездесуде оларды әскери шығындарды қаржыландыруға ерікті түрде қатысуға шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz The Bell басылымына сілтеме жасап.
Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының съезінен кейін өткен бұл кездесу дәстүрлі түрде жабық форматта ұйымдастырылған. Соғыс басталғалы бері мұндай жиындарға қатысушылардың құрамы да жарияланбайды. The Bell дерегінше, кездесуде соғыс қимылдарын жалғастыру және оны қаржыландыру мәселелері талқыланған.
Басылым дереккөздерінің бірі Путиннің сөзін «соғысты жалғастырамыз» деп жеткізсе, тағы бірі «Донбасс шекарасына дейін барамыз» деген мазмұнда айтылғанын келтіреді. Осыдан кейін президент бизнес өкілдеріне бюджетке ерікті түрде қаржы аударуды ұсынған.
Дереккөздердің бірінің айтуынша, «ел үшін қиын кезеңде бизнестен қаражат тарту» бастамасын Игорь Сечин көтерген. Ол бұған дейін Путинге тиісті ұсыныс жолдаған. Қаражат тарту тетіктерінің бірі ретінде әскери облигациялар шығару да қарастырылған.
Кездесу барысында кейбір кәсіпкерлер ұсынысқа бірден жауап берген. Атап айтқанда, Сулейман Керимов 100 млрд рубль бөлуге дайын екенін мәлімдегені айтылды. Сонымен қатар тағы бір ірі бизнес өкілі бұл бастаманы қолдаған, алайда нақты соманы атамаған.
