Путин Әлиевтен кешірім сұрады

Көркем Алдабергенова 28 жел. 2024 17:48 2378

Ресей тарапының бастамасымен Владимир Путин мен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев арасында телефон арқылы әңгіме өтті, - деп хабарлайды Dalanews.kz Кремльге сілтеп. 

Әңгіме барысында 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласының маңында "Әзербайжан әуе жолдары" әуекомпаниясына тиесілі жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.

Владимир Путин бұл қайғылы оқиға Ресей әуе кеңістігінде болғаны үшін кешірім сұрап, қаза тапқандардың отбасыларына терең және шынайы көңіл айтып, зардап шеккендерге тез сауығып кетуін тіледі. Әңгіме барысында Әзербайжанның жолаушылар ұшағы кестеге сәйкес бірнеше рет Грозный қаласының әуежайына қонуға тырысқаны атап өтілді. Сол уақытта Грозный, Моздок және Владикавказ қалаларына украиндық соғыс дрондарымен шабуыл жасалып, Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарды тойтарумен айналысқан.

Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық кодекстің 263-бабы (әуе көлігін пайдалану және қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп, азаматтық және әскери мамандардан жауап алынып жатыр.

Қазіргі уақытта Әзербайжан Бас прокуратурасының екі қызметкері Грозный қаласында жұмыс істеп, Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы мен Тергеу комитеті өкілдерімен бірлесіп тергеу жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, Ресей, Әзербайжан және Қазақстанның тиісті қызметтері Ақтау қаласы маңындағы апат орнында тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар