Путин Трамптың бейбіт бастамаларына қарамастан Украинадағы соғысты күшейтуі мүмкін - Reuters

Путин Трамптың бейбіт бастамаларына қарамастан Украинадағы соғысты күшейтуі мүмкін - Reuters
Reuters

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған бастамаларына қарамастан, әскери іс-қимылдарды күшейтуі ықтимал. Бұл туралы Кремльге жақын үш дереккөзге сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Путин бітімге келуге асығар емес

Агенттік мәліметінше, Владимир Путин атысты тоқтату туралы ұсыныстарды қабылдамай, әскери науқанды жалғастыруға ниетті. Дереккөздердің айтуынша, соңғы уақытта Украина ұшқышсыз ұшақтарының Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттары мен порттарға жасаған шабуылдары Кремльдің ұстанымын одан әрі қатайта түскен. 

Ресей басшысының басты мақсаттарының бірі ретінде Донбасс аумағын толық бақылауға алу аталады. Кремльге жақын ақпарат көздерінің бірі алдағы айларда жағдайдың ушығу ықтималдығы жоғары екенін жеткізген.

Эскалация қаупі бар

Reuters мәліметінше, ықтимал сценарийлердің қатарында әскери қимылдардың ауқымын кеңейту, Украинамен шекара бойында «қауіпсіздік аймағын» құру, сондай-ақ НАТО-мен арадағы шиеленістің күшеюі де қарастырылып отыр. Бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ және Кремльге жақын дереккөздердің бағалауына негізделген. 

Кремльдің ұстанымы

Сонымен бірге Кремль Ресейдің бейбіт жолмен реттеуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда Мәскеу өз мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда Украинадағы әскери операцияны жалғастыратынын айтты. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әскери қысымды күшейту қақтығысты тоқтатуға емес, керісінше оның созылуына әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді.