Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Құрылтай сайлауының өтуіне байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кремльдің ресми сайтында жарияланған жеделхатта Путин Қазақстан тарихындағы алғашқы бір палаталы парламент – Құрылтай сайлауындағы билік партиясының жеңісін атап өткен.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазақстан тарихындағы алғашқы бір палаталы парламент – Құрылтай сайлауында билеуші «Әділет» партиясының жеңіске жетуімен құттықтауымды қабыл алыңыз», – делінген құттықтауда.
Ресей басшысы сайлаудағы жоғары белсенділік пен дауыс беру нәтижелері қазақстандықтардың елдегі тұрақтылықты нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық дамуға және мемлекеттің халықаралық аренадағы мүдделерін қорғауға бағытталған саясатты қолдайтынын көрсететінін айтты.
Сонымен қатар Владимир Путин Құрылтай депутаттары Ресей парламентінің өкілдерімен тығыз ынтымақтастық орнатып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді.