Путин: Орталық Азияға әлемнің назары күшейіп келеді

Путин: Орталық Азияға әлемнің назары күшейіп келеді
Фото: ria.ru

Ресей президенті Владимир Путин Орталық Азия өңірінің халықаралық деңгейдегі маңызы артып келе жатқанын айтып, өңірдің экономикалық әлеуетіне ерекше тоқталды. Бұл туралы ол шетелдік журналистермен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

ШЫҰ саммитіне қатысты пікір білдірді

Кездесу кезінде «Кабар» агенттігінің директоры Медербек Шерметалиев Владимир Путиннен алдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысты пікірін сұраған.

Путин саммит аясында маңызды келісімдерге қол жеткізіліп, даму міндеттері айқындалатынына сенім білдірді.

– Компромистерге қол жеткізіліп, даму міндеттері қойылатынына сенімдімін. Қазір ШЫҰ құрамында 27 мемлекет бар. Экономикалық интеграция бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Бұл – маңызды мәселе, – деді ол.

«Орталық Азия әлем назарын көбірек аударып жатыр»

Ресей президентінің айтуынша, табиғи ресурстарға бай, аумағы кең әрі халқы өсіп келе жатқан Орталық Азия халықаралық қауымдастықтың қызығушылығын барған сайын арттырып келеді.

– Мемлекеттердің ресурстары, орасан зор аумағы және халық санының өсуі арқасында Орталық Азия бүкіл халықаралық қауымдастықтың назарын көбірек аударып отыр. Ең алдымен бұл өңірдің экономикалық әлеуетімен байланысты, – деді Путин.

Ресей Қырғызстанға қолдау көрсетуге дайын

Путин Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында атқарылып жатқан жұмыстар Ресей мен ұйымға мүше басқа елдер үшін де маңызды екенін атап өтті.

Ол сондай-ақ Қырғызстанда өтетін маңызды іс-шараның сәтті өтуіне қолдау білдірді.

– Біз қырғыз достарымызға сәттілік тілейміз және бұл маңызды шараның табысты өтуі үшін барынша қолдау көрсетеміз, – деп түйіндеді Ресей президенті.