Прокурор экс-дипломат Сәкен Мамашты 6 жылға соттауды сұрады

Көркем Алдабергенова 17 шіл. 2025 16:00

Астанада өтіп жатқан сот процесінде мемлекеттік айыптаушы бұрынғы дипломат Сәкен Мамашты алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2024 жылдың мамырында Сәкен Мамаштың жұбайы Карина Мамаш әлеуметтік желіде видео жариялап, он жыл бойы күйеуінің тарапынан зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеген. Осыдан кейін дипломат шұғыл түрде елге шақыртылып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеуді Астана қаласы Есіл аудандық полиция басқармасы жүргізді. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы – «Қинау» бойынша жүргізілген. Ал 2025 жылдың сәуірінде Мамаш қамауға алынған.

Курсив мәліметінше, айыптаушы тараптың өкілі, прокурор Жәңгір Сәдуақасовтың айтуынша, іс үш томнан тұрады. Оның сөзінше, 110-бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

"Мамаш аталған баппен айыпталып отыр. Сотталушының кінәсі дәлелденді деп айтуға әлі ерте, қорғаушы тарап өз уәжін білдіретін болады", – деді прокурор сот отырысының басында.

Сотталушының қоғамдық қорғаушысы әрі туған әпкесі Нұржамал Ташкенбайқызы редакцияға өз мәлімдемесін жолдап, онда жәбірленуші Карина Мамаштың күйеуіне қаржылық тұрғыда тәуелді болмағанын атап өткен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар