Прокурор атышулы Қоспаевтардың біріне 12 жыл беруді сұрады

Сағыныш Сардарова 28 сәу. 2025 12:35 323

Рейдерлік шабуыл жасады деп айыпталған Елдос Қоспаевтың інісіне 12 жыл сұралды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Orda.kz мәліметінше, Айбек Қоспаевқа қатысты іс қаралып жатқан мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында тараптардың жарыссөздері басталған. Қоспаевқа рейдерлік, бопсалау және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру бойынша айып тағылып отыр.

Мемлекеттік айыптаушы Айбек Қоспаевты мынадай қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша кінәлі деп тануды сұраған:

  • ҚР ҚК 262-бабы 2-бөлігі - ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық ұйымның құрамында болу;
  • 249-бап 3-бөлім 1-тармақ - рейдерлік;
  • 218-бап 3-бөлім 2) және 3) тармақтар - қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жасыру);
  • 189-бап 4-бөлім 1) және 2) тармақтар - сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету;
  • 214-бап 2-бөлім 1-тармақ - заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет;
  • 233-бап 2-бөлім - сатуға арналған жалған сәйкестендіру құралдарын және (немесе) есепке алу-бақылау белгілерін дайындау немесе сатып алу, сол сияқты оларды пайдалану немесе өткізу;
  • 194-бап 4-бөлім 1) және 2) тармақтар - бопсалау. 

"ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес Айбек Қоспаевқа түпкілікті 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын", - деді прокурор Ақтөре Беріков.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, бұл іс бойынша келтірілген жалпы материалдық залал көлемі 10 миллиард теңгеге жеткен.

Қоспаевтар отбасындағы сотталғалы жатқан үшінші ағайынды осы - Айбек. Бұған дейін оның ағасы Елдос Қоспаев 15 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал тағы бір ағасы Айдос Қоспаев 12 жылға сотталған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар