Көлік прокурорлары республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеуге бөлінген 9,8 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол бермеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тексеру барысында Ресей шекарасынан Шымкентке дейінгі автожолдың жөнделуге тиіс бір бөлігі "Ұлғайсын - Сексеуіл" тасжолын қайта жаңғырту жобасына да енгізілгені анықталды. Яғни бір учаскедегі жұмыстар екі жобада қатар есептелген.
Прокуратураның араласуынан кейін жоспарланған жұмыс көлемі қайта қаралып, бюджеттен бөлінген 7,1 млрд теңге үнемделді.
Тағы бір заң бұзушылық "Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы" автожолын күрделі жөндеу жобасынан табылды. Жобалық-сметалық құжаттарда кейбір құрылыс материалдары мен жұмыс түрлерінің құны дұрыс есептелмеген.
Қайта есептеу нәтижесінде жобаның жалпы құны 21,6 млрд теңгеден 18,9 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Осылайша тағы 2,7 млрд теңгенің орынсыз жұмсалуына тосқауыл қойылды.
Жалпы прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жол жөндеу саласына бағытталған 9,8 млрд теңге бюджет қаражаты сақталды.