Президент «Орталық Азия – Жапония» саммитінде қандай мәселелер көтерді?

Көркем Алдабергенова 20 жел. 2025 10:01

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы бүгінгі тарихи кездесуді ұйымдастыруға бастамашы болғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичиге алғыс айтты.

– Даму деңгейі тұрғысынан бірегей мегаполис саналатын Токиода ұйымдастырылған маңызды форумға қатысу Қазақстан, тіпті тұтас Орталық Азия үшін айтулы уақиға деп ойлаймын. «Орталық Азия – Жапония» диалогын құру туралы бастаманы жапон тарапы, соның ішінде бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи көтерген еді. Мұның символдық мәні зор. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы жиын 2004 жылы Астанада өтті. Бұл Орталық Азия елдері мен өзге де ірі мемлекеттер арасында осы тектес платформаларды құруға үлгі болды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұндай саммиттер Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі орны күшейіп, жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқара бастағанын көрсетеді.

– Қазақ жұрты жапон халқының тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне әрдайым құрметпен қарайды. Күншығыс елінің келісім, ұстамдылық, даналық секілді құндылықтарға құрылған философиясы қазақ халқының дүниетанымына сай келеді. VII ғасырдың өзінде Сётоку ханзада үйлесімді ең биік құндылық ретінде атап, бірлік пен ынтымаққа үндеді. Сол тұста Жапония «Рэйва» – «Керемет үйлесім» дәуіріне қадам басты. Жапонияның Орталық Азия елдерімен байланысы ежелгі Ұлы Жібек жолынан бастау алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылыми-техникалық және технологиялық прогресте көш бастап келе жатқан Жапонияның әлемдік экономикадағы жетістіктеріне назар аударды.

Сондай-ақ жан-жақты халықаралық ынтымақтастық орнатуда зор әлеуетке ие Орталық Азия дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті.

Президент Қазақстан Жапониямен бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға, қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруға дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-жапон ықпалдастығының перспективті бағыттарына тоқталды.

Президенттің Жапонияға сапары аясында сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды.

«Сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты жандандыруға баса мән беру қажет.

Былтыр өзара сауданың көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті.

Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металдар және мұнай жеткізеді.

Жапония – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Оның елімізге құйған қаржы көлемі 8,5 миллиард доллардан асты.

Қазақстан ұзақ уақыттан бері ірі жапон корпорацияларымен табысты қарым-қатынас орнатты. Біз елімізде еңбек етіп жатқан Жапонияның шағын және орта компанияларының қызметіне қолдау көрсетіп келеміз.

«Орталық Азия – Жапония» форматындағы бизнес форумында екіжақты байланыстарды жандандырып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруда қажетті уағдаластықтарға қол жеткізетінімізге сенімдімін.

Жапонияға сапарымның аясында 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Оның ішінде сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер де бар».

Мемлекет басшысы Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін құптады.

«Орталық Азияның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі сауда жолдарын тоғыстыратын көлік-логистика саласы Жапония үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді.

Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту айрықша маңызды.Жапон Үкіметі Каспий теңізінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысуға ниетті. Біз бұл шешімді құптаймыз. Жапония компаниялары алдағы уақытта Орта дәліздің теміржол, порт, автокөлік және логистика инфрақұрылымын ілгерілетуге үлес қосса, баршамызға пайдалы болмақ».

Президент: «Қазақстан дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі»

«Таза» энергетиканың дамуын ұзақ мерзімді стратегиялық басымдық ретінде қарастырамыз.

Еліміз «жасыл» технологияларды қолдана отырып, дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі.

Геосаяси тұрақсыздық пен қуат көздеріне сұраныс ұдайы артып келе жатқан жағдайда әлем экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ететін көмірсутегі ресурстары айрықша маңызға ие.

Біз теңгерімді әрі әділ энергетикалық жүйеге ауысу қажет деген ұстанымды қолдаймыз.

Қазақстан көмір өндірісі бойынша әлемдегі он үздік елдің қатарына кіреді. Көмір еліміздің энергетикалық балансының шамамен 70 пайызын құрайды.

Сондықтан осы табиғи байлығымызды қуатты энергия көзі ретінде пайдалану үшін ең озық технологияларды тартуға бейілміз».

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру тың мүмкіндіктерге жол ашады»

«Ядролық энергетиканың «жасыл» экономика күн тәртібіндегі мәні зор.

Әлемдегі ядролық отынның шамамен 40 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Дүние жүзіндегі электр энергиясының 10 пайызға жуығын атом электр станциялары өндіретінін ескерсек, бұл өте маңызды.

Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру осы стратегиялық саладағы тың мүмкіндіктерге, соның ішінде инновацияларды енгізуге жол ашады.

Әсіресе, ядролық қалдықтарды басқару, ядролық қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс салаларына жоғары санатты маман даярлау бағытындағы жобалар қызығушылық тудырады».


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар