Премьер-министр Балқаш қаласындағы қала құраушы кәсіпорындардың жұмысы, тау-кен металлургиясы және мыс балқыту кешендерін жаңғырту барысы, жаңа өнеркәсіп нысандарын іске қосу жоспарымен және геологиялық барлау жобаларының нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қарағанды облысы өнеркәсіптік дамудың оң үрдісін сақтап отыр, бұл ретте өңдеуші секторға басымдық берілуде. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,7 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға артты. Облыс өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі бойынша Қазақстанда екінші орында тұр.
Қаратас мыс кен орнында Премьер-министрге «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ-ның геологиялық барлау жұмыстарының барысы және жер қойнауын зерттеуде қолданылатын заманауи технологиялар таныстырылды.
Орталық Қазақстандағы Қаратас мыс кенді учаскесінде Премьер-министрге «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ геологиялық барлау жұмыстарының барысы мен жер қойнауын зерттеуде қолданылатын заманауи технологияларды таныстырды.
«Қазгеология» АҚ еліміздің жеті облысында жалпы аумағы 55 мың шаршы шақырым болатын учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның аясында бұрғылау, жерүсті және аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізілуде. 1:50 000 масштабында жалпы аумағы 100 мың шаршы шақырымды құрайтын 20 негізгі учаскеде жоғары дәлдіктегі зерттеу жұмыстары басталды.
Үкімет отырысында берілген тапсырмаға сәйкес, геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыру тәсілі айқындалды. Қазіргі таңда «Тау-Кен Самұрық» лицензиялар алып, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді, расталған қорларды мемлекеттік балансқа қояды. Жоба белгілі бір дайындық деңгейіне жеткен кезде шетелдік инвесторлар тартады. Мұндай тәсіл жобалардың құнын арттыруға және мемлекет үшін неғұрлым тиімді шарттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметовтің айтуынша, өткен жылы компания үш лицензия алып, алтын, мыс және жерде сирек кездесетін металдар кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын бастаған.
Қазірдің өзінде 8 тоннадан астам алтын және 150 мың тонна мыс қоры расталды. Атап айтқанда, «Қаратас» жобасы бойынша мыстың орташа мөлшері 0,35%-дан 0,46%-ға дейін өсті. Қазіргі уақытта технологиялық сынама алу жүргізілуде, одан кейін гидрогеологиялық және геотехникалық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ еңбек өнімділігін арттырып, құжат жұмыстары мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік беретін жасанды интеллектіні қолдану арқылы геологиялық керндерді талдаудың алғашқы нәтижелері таныстырылды. Қазіргі уақытта жүйе Жосабай кен орнында жұмыс істеуге бейімделген. Дәлдік 80%-ды құрайды, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
Сапар қорытындысы бойынша Премьер-министр геологиялық саланы қолдау шараларының айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті: тек мемлекеттік қаржыландыру көлемінің өзі 10 есеге ұлғайып, алдағы үш жылда шамамен $500 млн-ды құрайтын болады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға аса маңызды минералдардың қорларын ұлғайту бойынша әлеуеті жоғары учаскелерге ерекше көңіл бөлу, геологиялық деректерді цифрландыру, инвесторларды тарту жөніндегі жұмысты жандандыру және жер, инфрақұрылым мен басқа да ұйымдастыру мәселелерін жедел шешуді қамтамасыз ету тапсырылды. Премьер-министр «Тау-Кен Самұрық» компаниясына «Қаратас», «Жосабай» жобаларының және басқа да келешегі зор учаскелердің оң тәжірибесін кеңейтуді, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарынан қорларды мемлекеттік балансқа қоюды және одан әрі өнеркәсіптік игеруге уақтылы көшуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Олжас Бектенов «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс қорыту зауытының жұмысымен және Балқашта жаңа мыс қорыту зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарларымен танысты.
«Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлi кәсіпорынның өндірістік қызметі, жаңғырту бағдарламасы және даму жоспарлары туралы баяндады. 1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан металлургиялық кешен Қазақстандағы барлық катодты мыс өндірісінің шамамен 51%-ын қамтамасыз етеді. Балқаш мыс қорыту зауытының жобалық қуаты жылына 220 мың тонна катодты мыс, 1,1 млн тонна күкірт қышқылын, 10 тонна алтын және 400 тонна күмісті құрайды.
Биыл «Қазақмыс» жалпы құны 21,8 млрд теңге болатын зауытты жаңғырту бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда. Бағдарлама аясында металлургиялық жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізу, өндірістік инфрақұрылымды жаңарту және технологиялық процестердің сенімділігін арттыру көзделген. «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабеловтың айтуынша, қазіргі уақытта құны 5 млрд теңгеден асатын №1 Ванюков пешіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 2027 жылға құны 5,4 млрд теңгеден асатын №2 Ванюков пешін жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар анод пештері, конвертерлер, күкірт қышқылы цехының жабдықтары мен өндірістік инфрақұрылым жаңартылуда.
Премьер-министрге Балқашта жаңа мыс қорыту зауытының жобасы таныстырылды. Жоба Қазақстанда мыс өндіру көлемін жылына 800 мың тоннадан астамға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысының терең өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келеді.
Жоба Үкімет мақұлдаған инвестициялар туралы келісім аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» ЖШС арасында жүзеге асырылуда. Жеке инвестициялар көлемі – 750 млрд теңге. Жобалық қуаты жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын және 1,5 млн тонна күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді. Құрылысты 2027 жылы бастап, зауытты 2030 жылы іске қосу жоспарланған. Жоба 1,2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді. Кәсіпорын іске қосылған кезде қызметкерлердің 90%-ы қазақстандық мамандарды құрайтын болады, кейіннен одан әрі арттырылады.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, жоба заманауи балқыту агрегаттары, жаңа электролиз және бағалы металдар өндірісі цехтары, сондай-ақ шлактарды өңдеуге арналған жеке учаскесі бар жаңа буын зауытын салуды көздейді. Технология 98%-ға дейін мыс алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Балқаш мыс қорыту зауытымен салыстырғанда шығарындылар көлемін жылына 60 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін айтарлықтай азайту қамтамасыз етіледі.
Премьер-министр мемлекеттік органдарға жаңа мыс қорыту зауытын белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз ету үшін қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Сонымен қатар «SGS Kazakhstan Ltd» ЖШС халықаралық талдау зертханасының геологиялық және технологиялық сынамаларды зерттеудің толық циклін жүргізу мүмкіндіктері көрсетілді. Зертхананың қуатын жылына 350 мың сынамаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл өңірдің жоғары дәлдіктегі химиялық талдауға деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді. Балқаштағы SGS зертханасының қызметі талдаудың халықаралық стандарттарын енгізуге ықпал етеді, минералдық шикізат пен дайын өнім сапасын бақылаудың сенімділігін арттырады.