Ол әдебиетке құштар. Шексіз ғашық. Оның жанарындағы құштарлық қантөгіс майдандағы балаң әскердің ай туғанына алаңдап аспанға шалқайған естанды хәлін еске түсіруші еді. Өйткені, ол майдандағы тәртіптен шаруасы жоқ, әлемге не үшін келіп, неге кетіп бара жатқанын шын ұққысы келген жан болатын. Осындай мұңлы хәл Эрих Мария Ремарктың «Батыс майданда еш өзгеріс жоқ» деп аталатын романында еңсеңді басып, бәз қалпыңды, адамдық негізіңді еске түсіре беруші еді ғой. Нақ сол хәлді оның жанарынан көретін едім. Қантөгіс майданда жеңілу мен жеңістің айырмасын көрмейтін мұңлы жанар. Еріксіз жерге топ еткен пенденің еркін тартып алушы қоғам мен майданның ноқтасынан босап шыға алмағандар көздерің қызбай-ақ қойсын!
Оны көптен танитын едім. Бірақ, тосыннан оны республикалық белді әдеби журналдың редакциясынан көріп қалдым. Редакция бөлмелері ауысып, көшіп қонған сәт пе, ол бос бөлменің ортасынан орналасқан үстел үстінде шалқасынан түсіп ұйықтап жатты. Тал түсте. Ақ қағаздарының үстіне жата кетіпті. Мен кіріп келгенде, дыбыстан оянып кетті ме, атып тұрды. Жүзі солғын, ұйқысы шала шығар, қабағы ісік. Бірақ, әдеттегідей күлімсіреп амандасты. Шығармашылық сандалыстағы адамның реңкін алғаш таныдым. Ішкі жанталас пен сыртқы сүреңсіздік еңсесін басқандай екен. Бірақ, ол жеңілгенін мойындамайтын әскерлерше қанмайданда тік тұра бергісі келді. Үнсіз ғашықтығын ешкімге ұқтыра алмаған балаң әскерлерше...
[caption id="attachment_23705" align="alignright" width="579"] Ардақ Нұрғазыұлы[/caption]
«Шетел әдебиеті» газетінің әр санын асыға тосамын. Қазақ тілінде оқырманға оңай жететін олжаның көлеңкесінен ұйқысыз түндердің, таусыла тесіліп әр сөйлемді әрлеген, әр мәтіннің астарын ашқан маңдай тердің иісін анық сеземін. Газет қағазы да ескілеу, ұсақтап жазылған әр беттің көлемі кітапқа салса бес алты бет, алты беттік бетте бір аптаға лайық мазмұн бар. Сол уақыттарды сағынасың. Сол уақытта сол үнсіз мәжнүннің алты беттік газетінен лыпып ұшқан іңкәрлік, аяулы махаббатты сезінгенің үшін әлденеге жауапкершілігің ұлғая түседі. Шын сүюдің бағасын, мазмұнын, айқасын ұғасың. Айғайшылардың сұлбасын көріп таң қаласың. Ғашықтық үнсіздік екен.
Оның ақын болуына толық мүмкіндігі бар. Ол қазақ топырағына әлемдік ізденістің униформасын еккісі келеді. Адамзат болмысының ұмыт болған, қайталанған, жадыланған жерінен емес, ізбасары, атұстары, жалғасы, ат басын бұрмай өтуге болмайтын түнемелі, бата қайырып басына түнейтін қарашаңырағы болғысы келеді. Болуға мүмкіндігі зор. Ол уақыттың бағы. Оның маған сырбаз прозасы ұнайды. Ол салмақты Маркестің өзін қазақ қылуға бар. «Өлген адам» әңгімесіндегі ұстамдылық, кейіпкерлердің екінші, үшінші жақтан сөйлесуі, көзің атыздай болатын сюжетті сабырлы баяндауында, мінез сомдауында айрықша жаңалық бар. Өз басым, осы шығармасын өзгелерінен жұлдызын жоғары қоямын. Жас кезінде жазылса да, баппен, асыққа ұмтылған ғашықтай ынтызармен жазылған. Оның үстіне, аруақ көргіш Эдгар По, аруақсатқыш Гоголь, үрейсүйгіш Кафка, қанысуық Камю, қылмыскер Достоевский, аруақты келеке еткен Твен, жүйкесі жұқа Кинг, сөзге сараң Маркестің көлеңкесі де жоқ. Бұл өзі. Нақ Ардақты Ардақ ететін төл стиль. Төл дауыс. Қазақы аңқыма - сабырлы әңгіме.
Ол өз топ еткен уақыт пен белдеудің тамырын басушы. Адамның рухани өсуінің шексіз шегіне сапарлап қайтқысы бар. Сондықтан, кейде кері, кейде алға қарай, кейде оң мен солға қарай да шектеуліліктің қабын бұзып жарғысы бар. Еркіндікті қай тұрғыда, қай мұрсатта түсіне алатынын үнемі сынаушы. Үнемі іздеуші. Саралаушы, сараптаушы. Тарихтың басқан ізінен бүгінгіні тексеруші. Ол күмән келтіруші. Аққа да, қараға да. Ол сандалушы. Ол адасқақ. Әр пендеге осы кептің бәрін жамауға болар еді. Бірақ, оның қадамын аңдығандар не айтып тұрғанымды түсінер деп ойлаймын. Содан да ол, өзі еріксіз келген ортаға (өмірге, қоғамға) – майданға өзгенің бұдан сұрамай, түсіндірмей қойған талаптарына мұрнын шүйіре қарайды. Келу де, кету де еріксіз екен, неге әлдекім мұның сыртынан қандай ойын ойнайтынын сұрамай ақ шешіп қояды? Ойынға таза кіріскендер ойнай берсін. Майданның жалған аттанына шауып, уақытынан бұрын мерт бола берсін. Адам боп келгесін, алаңдап аспан мен арыңа қарамасаң, бекершілік.
Ол шығармашылық адамы, ізденіс адамы. Ол – ақын. Ұлттық көркем әдебиеттің көкжиегін кеңейтуші. Ол жұмыссыз сарсаң болған күндерінде де үмітсіздіктің құдығына құлаған жоқ. Оның әдебиетті сүюі - ұлтын өлердей сүйетінінің көрсеткіші.
***
Ардақ үшін проза мен поэзия бірі бау, бірі тау емес. Прозасында шұбалаңқы сөйлем жоқ. Есесінде, поэзиясы ұйқасты ескермейді. Қазақ топырағына еркін буынсыз ақ өлеңнің жаңбырын төккен алғашқы ақын да – Ардақ. Жұмекен ақын мен оның ізбасарларында, Ардақтың ағыл тегіл шұбалған шумақтарындай ұйқассыздық, бірсарынсыздық жоқ. Ардақ нақ осы Жұмекен мектебін жалғастырушы, алайда, қайталаушы емес. Жұмекен мектебіндегі тереңдік пен пәлсапалық, ақпа ақ өлең түрі кейінгі буынның тамырында өз қойнауын тапты. Т.Таңжарық, Р.Дәбей, Ы.Ожай сияқты ақындардың шығармашылығы нақты мысал. Алайда, Ардақты осы ақындардың сабына қоса алмайсыз.
Ардақ таза постмодернизм топырағында туған тұлға. Постмодернизм дәстүршілдіктен безіп тынған мәдениет емес. Салт-сананың, тектік тарихтың жадын бүгінгі таныммен тірілту. Қазақтықтан қалған болмыспен Батысша сәндену. Бірақ, Ардақтың поэзиясын әлі де ауыл аралық эволюциядан шыға алмаған, оның үстіне кеңестік қалыпқа түскен түйсікті еркіндіккке жібере алмаған санамыз қабылдай алмай-ақ қойды. Оны мойындаймыз. Ардақ тағы бір ғасыр кейін туатын дарын еді. Бағы да бәлкім, бір ғасыр кейін жанар.
Постмодернистік бағыттағы әдебиеттердің мазмұнына назар салсаңыз, кіл нөпірлі үрейдің, қорқыныштың, мифтік, болмаса мистикалық сарынның градациялық ұлғайған темпін аңғарасыз. Д.Амантайдың "Гүлдер мен кітаптарындағы", А.Кемелбаеваның "Қоңырқазы" мен "Майясы", дәл осы кезеңдегі А.Алтайдың, Д.Рамазанның, Т.Ахметжанның шығармашылығында "о дүние мен тылсым күштерден" шошынатын, үнемі қорқып жүретін кейіпкерлері туды. Ал, нақты постмодернизмнің өз биігі - М.Омарованың, Л.Қоныстың, М.Мәліктің, Қ.Мүбарактың, М.Фазылдың, М.Қосынның, М.Қолғанаттың шығармашылығынан қанық көрінді. Постмодернизмнің бір ашықтауы осы – санадағы үркектік. Неге жеті ата-бабамыз біліп, танып, ескертіп, діндегі үлкен кітаптарда жазылған баяндар біздің санамызда соншалықты үлкен үрей тұғызды? Үркек, қорқақ, сенбейтін, күмәншіл боп алғанымыз өтірік пе? Неге әдебиет бүгінгі сананың сипатын әдіптеуден қашуы керек? Ата дін, дәстүрінен шабылған ұрпақ әрине, шайтанның шылғауында қалды. Құдайға тәубе етуден гөрі, сабыр етуден гөрі, шарапқа мінәжат-медетті қандай мәдениет деп атасақ болады?
ХХІ ғасыр басында батыстың кино, әдебиет, өнер әлеміне "нео" деген түсінік енді. Жаңа деген. Нео сана. Бір сөзбен, біздің мәдениет аңдаусыз, бейсаналы ойдың жетегінде кетті. Саналы жасалған әдебиеттің композициясы, фабуласы болса, нео әдебиеттің мазмұнында - тіпті мазмұн болмауы мүмкін. Ардақ нақ постмодернизмнің топырағынан өскен жеміс. Ардақтың шығармашылығының ардақты болуы –қазақи ойлау кеңістігінің өзгешелігінде. Ардақ батыс мәдениетінің формасында қазақ тілінің байтақ кеңістігін сыйдырып-ақ жібереді. Қазақтың таным, ділін, ойлау дәстүрін формаға ноқталамаудың жаңаша әдісін көрсеткен де – Ардақ. Форма үшін тілден мүкістік жіберу немесе тіл үшін формасыздыққа ұрынудан жазушы аса сақтықпен қарайды. Ардақ осы екі тенденцияны бұзып алмай, теңдікте ұстауға тырысатындай. Мұны поэзиясынан да, прозасынан да байқауға болады. Рас, Ардақ шығармашылығы эмоция мен сезімге сараң. Күйінген, лаулаған авторлық позициядан гөрі сыртқы көрермендік статусын қадір тұтады.
Постмодернистік әдебиеттің бір түсін - қорқыныш, үрейлі күй дегенде, Ардаққа да қатысты айттық. "Жоғалған тас", "Ақ балапан", "Өлген адам", "Жылқы" әңгімелеріндегі диалогтар бір оқығанда қарапайым ғана қабылданады, алайда авторды шығармадағы тілдік құбылыстар, оқиғаның берілу сипаты мүлде қызықтырмайтын секілді. Тұтас мазмұнды оқып біткесін ғана автордың жасырған полотно артындағы суретін шаласыз.
Қане, қаншалық тереңге шөге аласың?!
Мүжілген, малта таста да бар қасірет,
Тұңғиықта мәңгі қалғандығы үшін емес.
Домбыраның екі ішегі ешқашан тілдеспейді,
Оларды шанақта саусақтар қосады.
Мұхиттың тереңінен жеткен үн
Қос ішектің көкірегінде күмбірлейді.
Ардақ шығармаларынан кейін сіз шытырман сюжеттің әсерін емес, көз алдыңызда ұзақ та баяу қалықтаған суретті ғана елестете аласыз. Шығармашылығынан кино, сурет өнерінің критерийлерінен жамап-жасқалған жасампаздығын аңғаруға болады. Тарковскийдің көрерменін финалға дайындайтын тапжылмас картиналарындай Ардақ та оқырманына өзін түсіндіріп беретін суреттерді лақтыра береді, өзектегі ойын беріп тынуға асықпайды. Ардақты түгел оқып болғасын түсінесің.
***
Түгел оқып болғасын да түсінбейсің. Өйткені, санаңызда қиқа-жиқа кесінділер, баттасқан бояулар, желкесі қиылып қала беретін ой ағысы, бір бармағын бүгіп қалған идея... сізге туындыгердің жазбасын қабылдатпай тастайды. Күмән келтіре бастайсыз. Бірақ, тастүйін диалог, шығынсыз баяндалу тәсілі, іш бермейтін тұтас тіркестер автордың жазуға машықтанғанын аңғартады. Бейне бір бармағы жаңа жазылып қаламсап ұстаған бүлдіршіннің өз санасында әдіптеп салған суретін сізге біле тұра "бұл не?" деп қойған сұрағындай.
Сіз тікбұрышты, үшбұрышты, құлағы да бар, дөңгелей біткен денесі бар, бірақ пішіні ешбір затқа анық ұқсамайтын суретке ұзақ қадаласыз. "Ит па? Жоқ. Танкі ма? Жоқ. Машина ма? Жоқ. Үй ма? Жоқ. Бала-ау, онда не? Мысық!" Міне, жауап. Ардақ, өз санасындағы суретті образбен ойнатып сөзге құйғанда сіз шығарманың тереңін бірден ұға қоймайсыз. Өлеңі де, қара сөзі де сол. "Өлген адам", "Рас па, әже", "Ағыраби" секілді әңгімелерін, бәлкім, үш қайтара оқу керек шығар, сонда да "мынау шығар, анау шығар" деп санаңызда ұзақ талдауға түсесіз. Шыны керек, бас қатыруға тырыспайсыз да. Болмашыны сөз етіп, не айтқысы келді деп кітапты жаба саласыз. Жаба саласыз ғой, бірақ... Зерделеп көрсек ше?
"Рас па, әже" әңгімесі сондай әңгіме. Әңгімедегі бар мысал – бос тұрған тор. Әжесі үнемі жаздыкүні бос тұрған торды аулаға шығарып қойып, күн көзіне жылынып отыратын. Бала мұны сол қалпынша есте сақтап қалыпты. Бос торды неге ұстайды, соншама неге баптайды деген алғашқы сауал осы жерде туындайды. Жолдас досының бос торды ұстау - ақыры торға құс қондырумен бітетін хикаясын естігенде – әжесінің ниетін аңдағандай боламыз. Кейін, автордың түс көріп "Рас па, әже" дегені тіпті, нені растауы мүмкін деген тағы сауал туындатады. Автор әжесінің үйіне барғанда тор жоқ боп шығады. Әңгіме барысында әжесінің торы мен досының тор туралы хикаясының линиялық бірлігі тұтаспай жатады. Автор бізге бір абзац сөйлемді көрсетпей қойғандай күй кешеміз. Ал, расында, әжесінің бос торды баптап ұстауы, күн көзіне шығарып қоюы – әлдебір ұзақ сарылған үміттің, сағыныштың бейнесі болуы мүмкін, ал досының тор туралы хикаясы әжесінің бұл қылығын ашып береді. Ниетіңе қарай, қайсібір затты үйреншікті ғадеттей көз алдыңа елестетіп істей берсең, күндердің күнінде ол реалға айналады. Қайсыбір бастаманың тірегі – әуелгі бейсаналы әрекеттен, немесе ізгі тілектің аңдаусыз әрекетімен жүзеге асып жатады. Жазамын деп күнде ақ қағаз бен қаламсапты ұстап қарасаң, оқимын деп күнде бір кітапқа назар салар болсаң, күндердің күнінде ол кітапты оқисың, ол қағазға сөздер жазылады. Достовескийдің "Идиотында" қонаққа барған князь Мышкин құмыраны "сындырып алмаңыз" деген ескертпесін көз алдына елестете беріп, ақыры құмыраны сындырып тынатыны есіңізді ме? Ал, автор, "Рас па, әже" деуі – "шын ба, мен тырыссам, талпынсам болғаны тілегімнің орындалуы ғажап емес қой" деген аңдаусыз ой айтады. Оқырман, бұл шығарманың кілтін психоаналитикалық талдауға салсақ қана құпиясын аша аламыз. Шығарманың көркемдік құпиясы да сол – автор әжесінің бос торына бала кезден көзі түскен, кеудесіне көшіріп алған. Автор бойында да осы бос тордың нышаны жатыр. Бұл өз кеудесін бостық кернеген заман адамының зары емей немене?
***
Ардақ Нұрғазы Тарбағатай тауының тумасы. Алматыдай дүрдей қалада постмодернистік бағыттағы әдеби тартыс-таластардың ортасында сауатты пікір айта алатын, орнықты ұстанымы, жеке көзқарасы бар жазушы. Тарбағатайдан бір уыс топырақ Алматыға орнығып, құнарын жайып, жергілікті қара топыраққа қаншалықты жұғысты, жұғымды һәм құнарынан қаншалықты қаулаған қарағай бас көтерерін бір ғазиз уақыттың өзі шешеді. Біз тек, қаламгердің табиғатына, болмысына шолу жасадық.
Сағадат Ордашева,
Ақтөбе қаласы