Павлодар облысы Ақсу қаласында Тоқаевтың портреті 43 448 теңгеге сатып алынған. Осылайша мемлекеттік сатып алу барысында 3104 теңге үнемделген. Себебі портреттің әуел бастағы құны 45 000 теңге болған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Президенттің портретін сатып алу туралы мәлімет Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған болатын. Екі портретті "Ақсу қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі сатып алған.
Бастапқыда Тоқаевтың екі портретінің жалпы құны 90 мың теңге деп белгіленген.
Бір портреттің бағасы ұсыныстарға байланысты арзандап отырған.
Осылайша "Промстрой" атты ЖШС жеңіске жетіп, бір портрет 43 448 теңгеге бағаланған.
Нәтижесінде қалалық мәслихат Тоқаевтың портретін сатып алуға бөлінген мемлекет қаржысынан 3104 теңге үнемдеген.
"Күні кеше ғана Ақтауда менің суретім бейнеленген 10-нан астам билборд орнатылғанын естідім. Менің ойымша, бұл мүлдем орынсыз нәрсе. Маған мұндай үгіт-насихат қажет емес" – деген еді Тоқаев 2019 жылы Ақтау жұртшылығымен кездесуінде.
"Жағымпаздарға қатысты айтар болсақ, мен оған қарсымын. Мен мүлдем басқа ортада тәрбиелендім. Мақтау, мадақтау деген атымен болған жоқ. Ондайды қолпаштау туралы әңгіме айтудың өзі артық шығар. Олай ешқашан да болған емес. Дегенмен біздің зиялы қауымды өзгерту қиын. Олар - басқа жағдайда тәрбие алған жандар", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.