Полиция КҚК-ға жасалған соққыларды қолдаған жазбалардың авторларын іздеп жатыр

Көркем Алдабергенова 27 қаң. 2026 16:28

Астана қалалық полиция департаменті әлеуметтік желілерде Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуылдарды қолдаған пікірлердің жариялануына байланысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның депутаттық сауалына берілген ресми жауапта айтылған.

Полиция мәліметінше, әлеуметтік желілерде белгісіз тұлғалар мемлекет пен азаматтар үшін аса маңызды инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдарды қолдауға бағытталған пікірлер қалдырған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы «Әлеуметтік, ұлттық алауыздықты қоздыру» бойынша қылмыстық іс тіркелген.

Сонымен қатар, бұл жарияланымдар мемлекетке опасыздық жасау немесе терроризмді насихаттау баптары бойынша сараланбаған. Айта кетейік, бұған дейін депутат Айдос Сарым дәл осы баптармен қылмыстық жауапкершілік қарастыруды ұсынған болатын.

Қазіргі уақытта полиция аталған жазбалардың авторларын анықтау бағытында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove