Астанада өтіп жатқан сот процесінде Перизат Қайраттың телефонынан табылған мәліметтер жария етілді. Прокурордың айтуынша, видеолардың бірінде 20 мың теңгелік купюраларға толы шабадан түсірілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Соттағы жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Арман Қазекен айыпталушы Ғани Алашбаеваның позициясына қатысты пікір білдірді.
“Ол жауап беруден бас тартқанына қарамастан, оның ұстанымы күндей анық: өзін кінәсіз деп санайды, қызы Перизат Қайраттың әрекеттеріне ешқандай қатысы жоқ екенін айтады. Алайда Перизат Қайраттың телефонынан ақшаға толы шабаданды түсірген видео табылды. Видеода “Не айтуға болады? Ең жақсы жыл. Аллаға шүкір” деген сөздер айтылған”, – деді прокурор.
Бұған дейін де сотта Перизат Қайраттың телефонынан 10 миллион теңгені құшақтап түскен селфи-суреті табылғаны хабарланған еді.
Еске салайық, прокурорлар Перизат Қайратқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Ал оның анасы Ғайни Алашбаева үшін прокурорлар 8 жыл бас бостандығынан айыруды ұсынды.
"Перизат Қайратты кінәлі деп танып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, сондай-ақ 10 жыл мерзімге қайырымдылық үшін қаражат жинаумен айналысуға тыйым салу жазасын тағайындауды сұраймыз", – деді прокурор.