Перизат Қайраттың артында ықпалды адамдар тұрды ма? ҚМА өкілі осы сауалға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, Перизат Қайраттың артында ешқандай көлеңкелі, ықпалды тұлғалар тұрған жоқ. Барлық істі ол өзі ұйымдастырған, жанында тек анасы ғана болған.
"Қорға түскен қаражатты түптеп келгенде Перизат Қайрат пен анасы өз қажеттіліктеріне жаратқан. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ол ақшаға жеке үй, төрт пәтер және көліктер сатып алынған. Тергеу барысында қаражаттың заңсыз жұмсалуына басқа адамдардың қатысы анықталған жоқ", – деді Елемесов Сенатта.
Еске салайық, биыл 25 шілдеде Астана қаласындағы ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Перизат Қайрат пен анасына қатысты сот үкімі шықты.
Сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға сотталды. Анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы және 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
Прокурорлардың мәліметінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат пен оның анасы 3,5 млрд теңгені қолма-қол шешіп алған.